• 28.03.2024

Жинақ

2023 жылдың 12 сәуірінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Қазақстан мен Орталық Азияның білім, ғылым және мәдениетін дамытудағы Т. Жүргеновтің ролі» атты IV Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференция Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасы, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Ғылыми конференцияны Т. Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық өнер академиясының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Халықов Қабылбек Заманбекұлы құттықтау сөзімен ашты.

Конференция мақсаты ірі мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, аудармашы, Қазақстан мен Орталық Азияның оқу-ағартуы мен ғылымының дамуына орасан зор үлес қосқан әрі ХХ ғасыр басындағы халқымыздың мәдени жаңғыруының идеологі – Темірбек Қараұлы Жүргеновтің (1898-1938) өмірі мен қызметін үлгі-өнеге ете отырып, қазақстандық жастардың өзіндік танымы мен ұлтжандылығын, азаматтық көзқарасын қалыптастыру, Қазақстан Республикасындағы гуманитарлық ғылымдар мен өнер саласындағы өзекті мәселелер бойынша заманауи ғылыми және тәжірибелік ақпаратпен алмасу. Конференцияға еліміздің, көрші Өзбекстан мемлекетінің жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары, докторанттары мен жас ғалымдары, сонымен қатар Сидней қаласының (Австралия) «International House Sydney City language school» атты тілдік жоғары мектебінен қатысты  (Interaction of science and Art.petroglyphs – a look into the past and present). Т. Жүргенов қызметінің қырларын зерттеуге арналған қоғамдық-саяси қызметі мен ғылыми-ағарту жұмыстарына, сондай-ақ заманауи ғылым мен өнердің дамуына арналған баяндамалар ұсынылды. Конференция екі бағытта жұмыс істеді:

1. «Темір нарком» атанған Т.Жүргеновтің тұлғалық қырлары: қоғам қайраткері, ғалым, публицист, аудармашы, қазақ мәдениетінің білгірі, дарынды ұйымдастырушы.

2. «Ғылым мен өнер: өткенді сақтай отырып, болашақты жасаймыз».

Пленарлық және секциялық отырыстарда онлайн және офлайн режимінде отыздан астам баяндамашы тыңдалды.

Үздік деп танылған баяндамашылар:

1 орын – Әлімжан Жібек (Т.Жүргенов атын. ҚазҰӨА),

Хасиетова Жания (әл-Фараби атын. ҚазҰУ);

2 орын – Болатова Дильназ (МУИТ),

Кан Лада (Т.Жүргенов атын. ҚазҰӨА),

Проценко Максим (ҚарУ Казпотребсоюз);

3 орын – Саярат Расмила (Абай атын.ҚазҰПУ),

Шакиров Амир, Касьянова Арина (Т.Жүргенов атын. ҚазҰӨА).

Үздік баяндамашылары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, ал  конференция қатысушылары сертификаттармен марапатталды.

«Қазақстан мен Орталық Азияның білім, ғылым және мәдениетін дамытудағы Т. Жүргеновтің ролі» атты IV Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына  Академия кітапханасы Т. Жүргеновтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырды. Баяндамашылар мен қонақтар Темірбек Жүргенов сияқты тұлғалардың еңбектерін насихаттаудың маңыздылығын, конференцияның бай және жемісті бағдарламасын, сондай-ақ ұсынылған тақырыптардың өзектілігін, студенттерді ғылыми қызметке тарту үшін пікірталастың тамаша ұйымдастырылуы мен пайдалылығын атап өтті.

Конференция материалдары жас ғалымдар мен студенттердің IV Республикалық ғылыми-теориялық конференциясының материалдар жинағында ISBN тағайындаумен pdf форматында жарияланып, қатысушыларға жіберіледі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Приемная комиссия