• 29.03.2024

Қ Ұ Т Т Ы Қ Т А Й М Ы З !

Авторkaznai

Фев 21, 2022

Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Кино және ТВ» факультетінің түлегі – Фархат Шәріповтың «Схема» фильмі Германия астанасында өткен Берлин Халықаралық кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.

Фархат Шәріпов «Кино және ТВ» факультетінің «Дыбыс режиссері» мамандығы бойынша оқып, 2007 жылы аяқтады.

«Схема» кинотаспасы фестивальдің ең жоғары марапаты – «Хрусталь аю» және кинофестивальдің балалар мен жасөспірімдер фильмдеріне арналған ресми бөлімінде 7500 евро ақшалай сыйлығын алды.

Фархат Шәріповтың «Схема» фильмі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген. 2020 жылдың күзінде басталған фильмнің түсірілімі Алматыда өткен. Бірақ елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты түсірілім процесі тоқтап, тек 2021 жылдың көктемінде қайта басталған.

Фильмдегі басты рөлдерді дебютант актерлер – Виктория Романова мен Тайыр Свинцов ойнады. Картинаның прокатқа шығу күні 2022 жылдың күзіне жоспарланған.

Фильм қоғамның дертіне айналған нашақорлық тақырыбына арналып отыр.

Схема» – «18 килогерц» фильмінің концептуалды жалғасы. Фильмнің басты кейіпкерлері – жасөспірім қыздар. Фильмнің сюжеті жасөспірімдердің қатыгез ойынына негізделген. Бұл құбылыс соншалықты қорқынышты және кең таралған. Сондықтан маған фильмді түсіру кезінде бейтарап көзқарас ұстану қиын болды», -деді Ф.Шәріпов.

Айта кетейік, кинофестивалге қазақстандық үш фильм ұсынылған. «Схемадан» басқа режиссер Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» кинотаспасы («Панорама» бағдарламасы) және «Форум» секциясына қатысатын Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі.

Берлин халықаралық кинофестивалі (Berlinale) әлемдік кинематографиядағы жыл сайынғы ең ірі байқаулардың бірі. Оған жыл сайын әлемнің 124 елінен 300 мыңнан астам қонақ пен 20 мыңнан астам кино саласының мамандары қатысады.

Приемная комиссия