Закрыть
20.07.2020

Сүйінші, ағайын!

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының эстрада бөлімінің 4 курс студенті Бексұлтан Кенішқалиев Беларусьте өткен «Славян базары» жыл сайынғы халықаралық фестивалінде жүлделі орынға ие болды.

Ол үшінші орынды Босния мен Герцеговинадан келген қатысушымен бөлісті. Айта кетейік, нәтижелер жарыстың екі бөлімінің ұпайларының қосындысына байланысты анықталған
25 жастағы өнерпаз студент Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыкалық колледжді тәмамдаған. Жас талант бұған дейін де бірнеше мәрте халықаралық өнер бәйгелерінде Қазақстанның намысын қорғады.

Бексұлтан Кенішқалиев – «Қазақстан дауысы» және «Музарт-Live» ұлттық телевизиялық жобаларының финалисті, республикалық «Жұлдыз» байқауының Гран-при иегері. Сондай-ақ, 2019 жылы «Паланга» (Литва) халықаралық фестиваль-конкурсында және Ресейде өткен жас орындаушылардың фестиваль-конкурсында Гран-при жеңіп алды.

Коронавирус індетінің таралуына байланысты Витебсктегі «Славян базары» ашық алаңда, «open-air» форматында өткізілді. Негізінен Беларусь қатаң карантин шараларын енгізбеген санаулы елдердің бірі.