Закрыть

«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар». Дәл осындай атаумен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы тойланды. Шара Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Жеке ән салу» кафедрасы, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР білім беру ісінің үздігі, доцент – Галина Қарамолдаева шеберлік сыныбы студенттерінің қатысуымен өтті. Абай шығармашылығына арналған танымдық кеш ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы №134 Жарлығына сай, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуын мемлекеттік көлемде атап өтуге байланысты ұйымдастырылған. Концерттік кешке Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Абдуалиев қатысып, студенттердің  өнеріне баға берді. Ректор өз сөзінде Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының музыкалық шығармашылығын жастар арасында насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Білім сабақтастығын дамытып, жазбаша тіл мәдениетінің құндылықтарын насихаттаған рухани кешке академия студенттері, оқытушы-профессорлық құрам мен алматылық қонақтар қатысты. Естеріңізге сала кетейік, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы алдағы уақытта да Академия аясында кең көлемде тойлана бермек.