• 28.03.2024

«Өнерлі ұрпақ» атты академия түлектерінің шығармашылық көрмесі өтті.

Авторkaznai

Ақп 12, 2022

11 ақпан күні Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясымен «Almaty Gallery» көрмесінің ұйымдастыруымен,  Қазақстанның белгілі қылқалам шебері, КСРО және ҚР Халық суретшісі, ҚазССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, профессор Телжанов Қанафия Темір-Болатұлының  95 жылдық мерейтойына арналған «Өнерлі ұрпақ» атты академия түлектерінің шығармашылық көрмесі өтті. Көрмеге түрлі тақырыпты бейнелеген, ұлттық мазмұнға толы кескіндеме,  мүсін,  графика, витраж, қолданбалы өнер түрлерінің елуден астам көркем туындылары қойылды. 

Іс-шараға академия түлектері, қазіргі таңда республикаға, алыс, жақын шетелдерге танымал суретшілер қатысты. Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов алғашқы сөз кезегін алып, көрменің ашылуымен құттықтады. Қанафия жұмыстарын баяндап, өз кезегінде жылы естелігімен бөлісті. 

Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Тұрғынбай: «Қанафия Телжанов қазақ бейнелеу өнерінің дамуына, профессионал суретшілердің шығуына үлес қосқандардың алғашқысы»,-дей келе, камералық стильде ұсынылған көрменің жұмыстарымен таныстырды. 

Көрмеде ұсынылған өнер шығармаларында қазақ  даласының бүгінгі келбеті, тыныс-тіршілігі, кешегі тар жол, тайғақ кешу  тарихы, заман тынысы секілді жан-жақты тақырыптар кенінен көрініс тапқан. Мұнда  пейзаж, портрет, тарихи және тұрмыстық жанрлардағы еңбектер жиі кездеседі.

Қанафия Телжанов өмірінің көп жылын ұстаздық қызметке, кәсіпқой суретшілерді дайындауға арнады. Ол кәсіби суретшілердің тұтас бір галактикасын тәрбиеледі. Өнер академиясының түлектері ұстазының 95 жылдық мерейтойына орай «Өнерлі ұрпақ» атты көрмесін ұсынып отыр.

Приемная комиссия