Закрыть

Шараның негізгі мақсаты – түркі тілдес елдермен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып, түркі дүниесінің мәдени құндылықтарын деректі фильмдер арқылы жариялау, насихаттау және бір-бірімен ақпарат алмасу.
    Бүгін Түркі Дүниесі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир, сондай-ақ киноқұжатшылар мен фильмдердің авторлары және басқа да шетелдік құрметті қонақтар Академия ұжымымен және студенттермен кездеседі.

2019 жылғы 17-18 қазан күндері Алматыда IV Халықаралық Түркі Дүниесі деректі фильмдер фестивалі өтті. Іс-шара Түркі Дүниесі Журналистері федерациясы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, сондай-ақ Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Қазан айының басында Ыстамбұлда (Түркия) басталған кинофестиваль биыл тоғыз қатысушы елдің жетекші серіктес-университеттерінде өтуде. Бұл кинофестивальдің түркі елдері үшін қоғамдық және мәдени маңызы зор. Оған Түркия, Қазақстан, Түркіменстан, Босния және Герцеговина, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Венгрия, Македония, Кипр елдерінің үздік жұмыстары қатысуда. Фильмдер әлеуметтік, мәдени, рухани және қоғамдық маңызды тақырыптарды, жастар тәрбиесін қамтиды.

Бүгін Академияға Түркі Дүниесі Журналистер федерациясының президенті, Түркі Дүниесі деректі фильмдері фестивалі Ұйымдастыру алқасының төрағасы Мендерес Демир, Түркі Дүниесі Журналистер федерациясының вице-президенті, Түркі Дүниесі деректі фильмдері фестивалі Ұйымдастыру-атқару алқасының мүшесі Исмаил Кахраман,  Түркі Дүниесі деректі фильмдері фестивалінің шетелдік директоры Байраммухамед Байраммухамедов, Түркі Дүниесі Журналистері федерациясы Тәртіптік кеңесінің мүшесі Мустафа Феттахлыоглу және Түркі Университеттері Кеңесі Студенттік комиссиясының президенті Атилла Гювен келіп, Академия ұжымының профессорлық-оқытушылық құрамымен және студенттерімен кездесті.  

Академияның кинозалында өткен кездесу студенттердің ән-шашуымен және дипломдық деректі фильм көрсетілімімен ашылды. Келген қонақтармен таныстырылудан кейін Мендерес Демир театр өнері факультетінің ұстазы, отандық кинематографтың аңызына айналған, түркі әлемінің танымал актері мен режиссері Асанәлі Әшімовке және Академия ректоры Ақан Абдуалиевке арнайы Түркі Дүниесі деректі фильмдері фестивалі марапатын тапсырды. Бұдан кейін ректор Асанәлі Әшімовке жақында ғана Анапа қаласында өткен ХХVІІІ халықаралық «Киношок» кинофестивалінде «Ең үздік ер адам рөлі» жүлдесін алуымен құттықтап, қазақ киносының майталманы мен қонақтарға арнайы сый-құрметін білдірді. Сондай-ақ театр өнері факультетінің 3 курс студенті Лаура Алайдарованың жуырда А. Әшімов атындағы қордың степендианты атануымен құттықтады. Кездесу соңы Асанәлі Әшімов шеберханасында жалғасты.