• 29.03.2024

«Өнер қырандары» атты көңілді тапқырлар байқауы өтті.

Авторkaznai

Nov 24, 2021

23 қараша күні Оқу театрында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және жастар саясаты мәселелері жөніндегі қызметтің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студент жастарына арналған «Өнер қырандары» атты көңілді тапқырлар байқауы өтті.

Сайысқа Академиядағы 6 факультет студенттерінен құралған 4 топ қатысты: «Оскар» (Кино және тв факультеті), «МИПО» (Жатақхана құрама командасы), «Қуыршақ театры» (Театр өнері факультеті), «Үш қоңыр» (Музыкалық өнер факультеті).

Тартысты бәсекеде командалар 4 кезең бойынша бақ сынасты: таныстыру, музыкалық үй тапсырмасы, фильмдерді немесе анимациялық фильмдерді дыбыстау, сұрақ-жауап. Әділ-қазылар алқасының құрамында актер Ерболат Төлеген, Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрының актері Бақыт Тушаев, «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің деканы Бауыржан Байділдә болды.

Ойын нәтижесі бойынша «МИПО» құрама командасы І орын иегері атанса, ІІ орынды «Үш қоңыр» иеленді. Ал ІІІ орын Театр өнері факультетінің намысын қорғаған «Қуыршақ театрына» бұйырды. Барлық қатысушылар академия ректорының дипломдарымен марапатталды.

Айта кетейік, қатысушы топтарға берілетін тақырыптарды байқаудың басталуына дейін 10 күн бұрын ұйымдастырушылар анықтады. Қазылар алқасы мына талаптар бойынша бағалады:
– байқау тақырыбына сәйкестігі;
– қатысушылардың актерлік шеберлік деңгейі;
– әзілдердің көркемдік сапасы;
– режиссерлік тапқырлық және күтпеген шешімдер;
– сахна мәдениеті;
– музыкалық әрлеу;
– регламентті сақтау.

Приемная комиссия