Close
01.07.2020

30 маусым күні, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы тарихында алғаш рет түлектерге диплом тапсыру рәсімі ZOOM алаңында өтті.

30 маусым күні, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы тарихында алғаш рет түлектерге диплом тапсыру рәсімі ZOOM алаңында өтті. Салтанатты онлайн жиынға 300-ден аса түлек, профессорлар, оқытушылар және ата-аналар қатысты. Ерекше жағдайда өткен шараның шымылдығын академия ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Жылқышыбайұлы Абдуалиев ашып, болашақ жас мамандарға ақ жол тіледі. Сондай-ақ, ректор мерейлі сәтте академияның профессорлық-оқытушылық құрамының қажырлы еңбегін жоғары бағалап, алғысын жеткізді.
«ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Әр адамның бойына жұмыс істей білу, оқып-үйрене білу, өмір сүре білу қасиетін сіңіру керек», – деп жиі ескертеді. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев халыққа үндеуінде ел экономикасын қалыптастырып, тұрақтандыруға арналған бірқатар міндеттерді атаған болатын. Мемлекет басына түскен пандемиядан кейін Қазақстан экономикасының ары қарай қарыштап дамуына мықты мамандардың қажет екендігін алға тартты. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі екендігін атап айтты. Олай болса, сіздерді бүгінгі диплом алу қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! «Бала тәрбиесінде айрықша рөл атқаратын, өзгеше үлкен әсер ететін ұстазы, ата-анасы және достары»,-деген Абай атамыздың сөзін еске алсақ, бүгін міне сол үш үлкен тәрбиешінің басы қосылып отырған айтулы күн. Үлкен үміт, зор қуаныш көрініс тапқан ерекше салтанатта ұстаздарға, ата-аналарға зор алғысымды айтқым келеді. Түлектердің бойынан табандылық, еңбексүйгіштік, туған халқына деген ұлтжандылық, мейірім-шапағат сезіліп тұрса, академия ұстаздарының орасан зор еңбегінің үлесі бар деп білемін»,-деді академия ректоры.
Екі жарым сағатқа созылған салтанатты онлайн жиында академия профессорлары мен оқытушылар түлектерді үлкен өмірге жолдама алып, маман болған қуаныштарымен құттықтап, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.


Айта кету керек, өнердің түрлі саласын қамтитын академия қабырғасында білім алған 320 түлекке «бакалавр», 72 бітірушіге «магистр» дәрежесі берілді. 4 докторант «Өнертану», «Режиссура» мамандықтары бойынша докторлық диссертацияларын сәтті қорғады.