• 24.11.2024

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесу

Авторkaznai

Фев 25, 2022

24 ақпан күні, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Сырым Жұматайұлы Адамбаев, Қанат Ілияұлы Нұр мен Вакиль Гусейнұлы Набиевпен кездесті. Сонымен қатар кездесуге оқу орнының жаңа ректоры Азамат Сатыбалды қатысты.

Жиын тізгінін қолға алған академияның оқу, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Ш.А. Әмірбеков жыл басындағы кездесуді жақсылықтың нышанына балап, негізгі қозғалар тақырып қазіргі саяси жағдай мен Қазақстанның даму болашағы, академияның қордаланған өзекті мәселелері төңірегінде болатындығын алға тартты. 

«Қаңтар оқиғасы кез келген адамға үлкен сын болды. Бұл жағдай біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға өзінің қауіп-қатерін төндірді. Елдің тыныштығы, амандығы – біздің басты бақытымыз. Олай болса, елде орын алған жағдайлар қателіктерімізден сабақ алуға, ертеңді жақсарту үшін күш салуға міндеттеп отыр. Бүгін сіздердің алдарыңызға шығып сөйлеу үшін емес, есту үшін келдік. Біз заң шығарушы билік органы болғандықтан, осы оқу орнында қордаланған мәселелерді билік мінберіне жеткізсек деген ниеттеміз», — деді алғашқы сөз кезегін алған Мәжіліс депутаты Сырым Жұматайұлы.

Депутаттың баяндамасынан кейін, академияның профессор-оқытушы құрамы өздерін толғандырып жүрген мәселелер жөнінде пікірлерін ортаға салды.

  • Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету;
  • Оқу корпусының жағдайы;
  • Кадрларды жұмысқа алудағы қойылатын талаптар;
  • Жалақы мәселесі.


Өнертану кандидаты, профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері – Аман Бекенұлы Құлбаев та студенттердің жақсы жағдайда білім алып, шығармашылықпен айналысуға жағдай туғызып, оқу ғимаратын жөндеу жұмыстарынан өткізуге, мүмкіндігінше базалық озық техникалармен қамтамасыз етудің маңызды екендігін баса айтты. Студенттер шәкіртақысының мөлшеріне қатысты мәселені де көтерді. «Бүгінде студенттерге берілетін шәкіртақы өте мардымсыз. Инфляция деңгейін ескеретін болсақ, ол ақша ештеңеге де жетпейді.  Жастар арасында көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар өте көп. Депутаттар осы мәселелерді мемлекеттік деңгейде көтерсе, құба-құп болар еді», — деп өз ойын түйіндеді профессор.

«Саясат пен экономика қоғамдық жүйенің іргетасы екендігі жалпыға белгілі. Соған бір нәрсе қосқым келеді. Саясат пен экономикамен қатар, мәдениет те халықтың ішінде болуы керек. Мәдениеттен ештеңені аямау керек. Бүгін сіздердің келгендеріңіз үлкен қадам деп білемін. Біз диалогқа баруымыз керек. Сын естуден қорықпауымыз керек. Бүгінгі кездесу барысында көтерілген проблемалық мәселелер бәрімізге ортақ. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың интеллектуалды ұрпақ қалыптастыру турасында берілген тапсырмасы бойынша бәріміз жұмыла жұмыс атқарамыз деген зор сенімдемін»,-деді ректор Азамат Сатыбалды.

Кездесу соңында академия басшылығы келген қонақтарға алғыс білдіріп, студент жастардың әлеуметтік мәселелері бойынша қосымша ұсыныс-пікірлерді тиісті орындарға жазбаша түрде, арнайы хатпен жолдайтындықтарын жеткізді. Депуттар барлық көтерілген мәселелерді министрлік деңгейде көтеруге уәде беріп тарқасты.

Приемная комиссия