Кино және ТВ факультеті

1993 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институты базасында «Кино» факультетінің құрылуы Қазақстандағы ұлттық киномектептің қалыптасуындағы тарихи бетбұрыс болып, жаңа буын кәсіби мамандарын даярлауға тың серпін берді. Қазіргі таңда «Кино және ТВ» факультеті экрандық өнер мен медиа саласы бойынша жоғары білікті кадрларды даярлайтын Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші шығармашылық орталықтарының бірі.
«КИНО ЖӘНЕ ТЕЛЕВИЗИЯ» ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ТАРИХЫ
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы еліміздегі және Орталық Азияның шығармашылық жоғары оқу орындары арасында дәстүрлі түрде көшбасшылық санатқа ие болып келе жатқан білім ордасы болып саналады.
1993 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Алматы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында «Кино» факультеті ашылды. «Кино» факультетін ашу жөніндегі бастаманы еліміздің кино саласында қызмет атқаратын белгілі мамандар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинотанушы, өнертану ғылымының кандидаты, профессор Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек және қазақ анимациясының негізін қалаушы, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген қайраткері, режиссер-аниматор Әмен Әбжанұлы Хайдаров көтерген болатын.
Факультеттің алғашқы оқытушыларының құрамына: режиссер-аниматорларлар А. Хайдаров, Е. Абдрахманов, Г. Бекишев; кинотанушылар: Б. Нөгербек, Р. Оспанова, Г. Әбікеева, К. Айнагулова, К. Әлімбаева; кинорежиссерлер: В. Пусурманов, Т. Теменов, С. Нарымбетов; театр және кино актері Т. Жаманқұлов; кинооператорлар: Ә. Қастеев, Е.Дауылбаев; драматургтер: А. Тарази, Л. Ақынжанова, журналист және көрнекті қоғам қайраткері К. Смаилов кірді.
«Кино және ТВ» факультетінің алғашқы декандары: В.Пусурманов, Е. Абдрахманов, Э. Дауылбаев болды. Одан кейінгі уақыттарда факультетті кино өнері және телевизия мамандары: М. Абзелбаев, Г.Әбілдина, А. Байғожина, Г. Наурызбекова, А. Байбеков, Д. Қайып, Б. Нұрпейіс, С. Бекниязова, Г. Мурсалимова басқарды.
«Кино және ТВ» факультеті елімізде кинематография және телевизия өнері бойынша білім беру саласында сапалы қызметімен танылған жетекші ұжымдарының бірі. Өз қызметінде факультет әлемдегі экрандық өнердің қазіргі даму үдерістері аясында, ұлттық кинематография және телевизия мектебінің ондаған жылдар бедерінде қалыптасқан дәстүрлерін жалғастыруда.
Қазіргі кезеңде «Кино және ТВ» факультетінің деканы қызметін – PhD докторы, «Мәдениет саласының үздігі», «BOLASHAK» халықаралық бағдарламасы бойынша New York film academy-сының түлегі (Нью-Йорк, АҚШ) – Мадина Кайратжановна Бакеева атқарады. Факультет деканының орынбасарлық қызметін Бекбашева Көркем Сауықбайқызы атқарады. Бүгінде факультет құрамында үш кафедра бар. Олар – «Экрандық өнер режиссурасы» кафедрасы, меңгерушісі – PhD докторы Абишев Серік Ержанұлы, «Дыбыс режиссурасы және операторлық өнер» кафедрасы, меңгерушісі – доцент Әлия Төкенқызы Мырзашева, «Анимация режиссурасы және интерактивті медиа» кафедрасының меңгерушісі – PhD докторы Абельдинов Адай Кунанбаевич.
Факультеттегі оқу бағдарламасы экрандық өнерді дамытудың заманауи қағидаттарына негізделген. Факультеттің мақсаты – жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамыту, болашақ мамандарды медиа және кино нарығының талаптарына сәйкес дайындау және қазақстандық және халықаралық креативті индустрия үшін кадрлар тәрбиелеу. Білім беру бағдарламасы бес бағыттан тұрады – «Режиссура» (Көркем кино режиссурасы, ТВ режиссурасы); «Анимация режиссурасы», «Аудиоөндіріс» (Кино және ТВ дыбыс режиссурасы, Музыкалық дыбыс режиссурасы); «Операторлық өнер» (Кино және ТВ операторы) және «Фотоөнер».
2025-2026 оқу жылында факультетте жаңа «Телевизиялық және кино жобаларды продюсерлеу» білім беру бағдарламасы құрылды.
Студенттердің практикалық, өндірістік және шығармашылық дағдыларын дамытуға бағытталған бірқатар белсенді жобалар жұмыс істейді. Олардың қатарында өнер саласындағы мәдени құндылықтарды дәріптейтін «SHAKEN» киноклубы, көркемдік және мәдени әлеуетті дамытуға бағытталған «Өнер Hub» академиялық телевизия студиясы, студенттердің өмірі мен шығармашылық тәжірибесін көрсететін «ZHURGENOV PODCAST» және академия өмірінің маңызды сәттерін қамтитын «Zhurgenov Life» медиа-жобасы бар. Бұл бастамалар студенттердің кәсіби шеберлігін арттырып, кино және телевизия саласында толыққанды өндірістік процесті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар факультетте студенттердің практикалық және теориялық дағдыларын дамытуға бағытталған «Сценарий шеберлігі зертханасы» жобасын іске асыру бойынша, цифрлық медиа және заманауи коммуникациялық технологиялар саласындағы «Яндекс» компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.
Факультет әрдайым белсенді түрде ішкі және халықаралық фестивальдерге қатысып, жиі жүлделі орындарға ие болып келеді. Олардың қатарында «Восхождение», Urker, Bastau, Baiqonyr Film Festival, Josiah Media Festival, Kinovertikal, Curtas Festival de Imaxinario, Cinema Love, Oblaka Film Festival, Gandhara Independent Film Festival және тағы басқа көптеген фестивальдер бар.
Тәжірибе алмасу мақсатында өнер саласындағы студенттермен алмасу бағдарламасына қатысатын, білім алушылардың академиялық ұтқырлық моделі режимінде, көптеген жылдардан бері жұмыс істейді. Академия көптеген шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, олармен бірлесіп жұмыс істеу туралы келісім-шарттар жасалған. Олардың арасында, «Кино және Телевизия» факультеті бойынша – Нью-Йорк киноакадемиясы (АҚШ), Мимар Синан атындағы өнер университеті (Түркия, Ыстамбұл қ.), Корея Медиаөнер Университеті, Корея K-ARTS өнер университеті (Корея), Латвия Мәдениет академиясы (Латвия), «Шецин» университеті (Польша), Тайвань ұлттық өнер университеті (Тайвань), С.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты (Ресей) және басқа да жоғары оқу орындары бар. Конкурс қорытындылары бойынша шет тілдерін өте жоғары деңгейде меңгерген студенттер шетелдік оқу орындарына жіберіледі.
Іздеу
Хабарландырулар

03.11.2025





