Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.
25 ақпан күні академияның оқу театрында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ақұштап Бақтыгерееваға арналған шығармашылық кездесу өтті. Поэзия мен өнер тоғысқан бұл ерекше шара ақынның 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Кеш шымылдығы «Ақынның үні» атты прологпен ашылды. Академия ректоры Арман Жүдебаев құттықтау сөз сөйлеп, Ақұштап Бақтыгерееваға қазақ өнері мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін шапан жапты. Кеш барысында Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, белгілі журналист Сәрсенбай Қали ақын шығармашылығы туралы өз ойымен бөлісті.
Шара барысында студенттер ақын өлеңдерінен поэтикалық композиция ұсынып, оның шығармаларынан шабыт алған жас ақындар арнау жырларын оқыды. Ақын сөзіне жазылған «Алғашқы көктем» әнін академия ұстазы Қаухар Қаспақованың шәкірті орындап, ұстаз бен шәкірт сабақтастығы көрініс тапты.
Кештің маңызды бөлігі ақынмен сұхбат болды. Ақұштап Бақтыгереева өз өмірі мен шығармашылығы жайында ой бөлісіп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Бұл кездесу – қазақ поэзиясының тағылымды кеші ғана емес, жастарға рухани азық болған ерекше сәттердің бірі болды. Ақын жырлары ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ұлттық әдебиеттің алтын қорында мәңгі сақталатыны сөзсіз.



