2025 жылдың 14 наурызында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Наурызнама» онкүндігі салтанатты түрде ашылды. Бұл шараның негізгі мақсаты – студенттер мен оқытушыларды ұлттық мәдениет пен дәстүрлерге баулу, сондай-ақ академияның ұжымын Наурыз мейрамының рухына бөлеу.
Онкүндіктің алғашқы күні «Көрісу күніне» арналды. Академия қабырғасында дәстүрлі музыка ансамблінің концерті ұйымдастырылып, ұлттық киімдер мен кілемдердің көрмесі өтті. ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байділда Бауыржанның жеке коллекциясындағы кілемдер көрермен назарына ұсынылды.



Сонымен қатар, «Мың алғыс…» атты кураторлық сағаттар өткізіліп, студенттер бір-біріне жылы тілектерін арнады.
Кештің басты оқиғаларының бірі – Академияның сән және костюм дизайны мамандығы студенттері дайындаған ұлттық киімдер дефилесі болды. Көрсетілім барысында қазақтың дәстүрлі киім үлгілері заманауи стильде ұсынылды.
Наурызнама мерекелік онкүндігі алдағы күндері түрлі мәдени және танымдық іс-шаралармен жалғасады.

