Халқымыздың рухани-мәдени, оқу-білім саласын әр алуан саяси жүйе жағдайында өрге сүйреген Қайраткер, «елім», «жұртым» деп өткен, есімі ел есінде мәңгі қалған арыс тұлғалардың бірі Темірбек Қараұлы Жүргенов 1898 жылы қарашада қазіргі Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылындағы «Жүргеннің қыстауы» деген жерде дәулетті отбасында дүниеге келген. Шешесі Жәніш еркелетіп «Темірше» дейтін.
Жастайынан оқу білімге құштар боп өскен Темірбек Жүргенов 1904-1908 жж. діни, әдеби сауатын «Шахнаманы» парсы тілінен аударған ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің дәрістерімен ашқан. Ол Темірбекті шығыс әдебиет классиктерінің шығармаларынан да аздап хабардар еткен. Кейін 1909 жылы Аламесектегі орыс-қазақ бастауыш мектебіне оқуға түсіп, 1913 жылы үздік бағалармен тәмәмдаған. Осы жылы Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы қалалық жоғары орыс-қазақ училищесіне түсіп оқиды. Сол жерде оқып жүріп, қазақ жастарының басын біріктіріп, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен. Осы жылдан қазақ оқушылары үшін орыс әдебиетін оқып үйрену үшін Некрасовтың, Крыловтың шығармаларын аударуды қолға алған. Ұлы сатириктерге еліктеп жазған «Переводчиктің қиялы» деген алғашқы сатиралық өлеңі сол кездегі оқушы қауымның көңілінен шыққан.
1917 жылы әкесінің «осы оқуың да жетеді» деген сөзіне қарамастан, Уфа қаласындағы Жер өлшеушілер училищесіне түскенімен, сол кезде жүріп жатқан Азамат соғысының қиыншылықтарынан аяқтай алмай қалады. Осы училищеден кейін бірден (1918 ж.) кеңес органдарында қызмет істей бастаған. Осылай жиырмаға жаңа толған Темірбек Жүргенов революция жеңістерін қорғау жолындағы қиын күреске араласып кете берген. Ырғыз уезінде белгілі революционер Әбдірахман Әйтиевпен, ал Торғай қаласында жүргенде Әліби Жангельдинмен танысып, пікір алысып, солардың көмекшілерінің біріне айналады
Кеңестік қызметке араласуы осы кезден басталған Темірбек Жүргенов Торғай облысындағы тұңғыш Кеңестер съезін шақыру жөніндегі ұйымдастыру бюросының әрі мүшесі, әрі жауапты хатшысы қызметін атқарады. 1918 жылы қазан айында «Қазақ мұңы» газетіне жауапты хатшы болып қызметке алынады.
1919 жылы Ырғыз уезіндегі Кенжеғара болысының ревкомы төрағасының орынбасары, кейін төраға болып қызмет атқарады.
1920жылы БК(б)П қатарына өтіп, Ырғыз уездік революция комитетінің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланған.
1921-23ж.ж. Орынбор жұмысшы факультетінде оқып, одан 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия университетіне құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Осы университетті 1927 жылы үздік бітіреді. Ол жылдары университет студенттері білім алумен қатар қосымша жұмыстар атқаратын, сол сияқты Жүргеновке де білім алумен бірге үлкен сенім жүктеліп, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып кетеді. Осында оқып жүріп, ол Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық уәкілетті өкілі болып тағайындалады, Қазақ АКСР-і мен Түркістан Республикасының Орталық Атқару комитеттеріне мүше болып сайланады, өлкелік және республикалық партия ұйымдарының конференциялары мен пленумдарына қатысады.
1925 жылы Жүргеновтің «Еңбекші қазақ», «Ақжол» газеттеріне қазақтың тұрмысы жөнінде көптеген мақалалары шыға бастайды.
1926 жылы Ташкентте қазақтың тұңғыш педагогикалық жоғары оқу орны ашылады. Құқық факультетінің соңғы курсында оқып жүрген алғыр да, білімді, ұйымдастырушылыққа қабілетті Т. Жүргенов осы оқу орнының алғашқы ректоры қызметін атқарады.
1927 жылы университетті үздік бітіріп, Қ азақстан жерін әкімшілік-шаруашылық тұрғыдан аудандастыруға қатысты дипломдық жұмысы аса жоғары бағаланып, жеке кітап болып басылып шығады. Өзін мемлекеттік құқық пәні бойынша университетке ұстаздық әрі ғалымдық қызметке қалдырылады.
- 1929 -1930 жылдары — Тәжікстан үкіметінің қаржы комиссары.
- 1930 -1933 жылдары — Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары.
- 1933 -1937 жылдары Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарады
- 1937 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады.
Т. Жүргенов — ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырады. Жүргеновтің тікелей ат салысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артты. Әуелі сауатсыздықты жою, жаппай бастауыш мектептер ашу ісі қолға алынады. Барлық облыс орталықтарында алты айлық курстар аштырады. Кітаптар, оқулықтар басу ісі қолға алынып, жедел жүреді. Мектептер салына бастайды. Жүргенов өзі мектеп құрылысының басы қасында жүреді. Осылай Жүргенов барлығын өз бақылауында ұстаған. 1935 жылы республика бойынша бастауыш мектеп саны 6587-ге (оның 3751-і қазақ мектебі) жетеді, 573 орталау және 169 орта қазақ мектептері жұмыс істеді, оларда 640 мың оқушы оқыды. Осы жылы Ағарту халық комиссары Т. Жүргеновтің тікелей қатысуымен республика басшылығы бірнеше қаулы қабылдап, бастауыш мектеп – 4 кластық, орталау мектеп – 7 кластық, орта мектеп 10 кластық болып белгіленеді.
1934 жылы 15 қаңтарда Қазақ мемлекеттік университеті ашылды.. 1934 жылы сегіз облыс орталықтарында: Алматыда, Оралда, Ақтөбеде, Қарағандыда, Қызылордада, Петропавлда, Семейде, Шымкентте екі жылдық мұғалімдік институттары ашылып, бірте-бірте мұғалім кадрларын дайындау ісі жанданады. Мәдени-ағарту саласында 30-ға жуық, ал өнеркәсіп, транспорт, байланыс үшін 20-дан астам техникум ұйымдастырылды. 1934 жылы Қазақ кен-металлургия институты (ҚазПТИ) құрылды.
Жоғары оқу орындарына арналған саяси экономия және құқықтану пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударды.
Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға ат салысады.
Қазақ әндері туралы А.В.Затаевичке көптеген мәліметтер берген.
1934 жылы Шығыстың жарық жұлдызы атанған Фирдоусидің туғанына 1000 жыл толуына орай, ұстазы ақын Т. Ізтілеуовті арнайы шақыртумен Алматыға алдырып, «Шахнама» дастанын аудару жөнінде мемлекеттік тапсырыс берген. Ақын Т. Ізтілеуов ақындық білімінің тереңдігімен он айда жазып шығады.
1935 жылы қаңтарда Қазақстанды зерттеу қоғамының жаңа жарғысы бекітілді. Арнайы ғылым комитеті құрылып, барша ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестірді. Архив, музейлер ұйымдастырылды, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі мемлекет қарауына алынды.
1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін ұйымдастырған. Оған әншілер, домбырашылар, ақындар бұрыннан белгілі, даңқы шығып жүрген көркемөнершілерді шақырады, т.б. өнер саласындағы өкілдер шақыртылады, Қазақстан жазушыларының бірінші съезі және халық өнерпаздарының слеті өтеді. Онда таланты танылып, мойындалған ақындар мен өнерпаздар, өнер мекемелерінде қызметке қалдырылады. Құрманғалиев музыкалық театрда, Д.Нүрпейісова, Қ. Жантілеуов, Н. Бөкейханов, Л. Мұхитов филармония мен ұлт аспаптар оркестрінде жұмыс істей бастайды.
Т. Жүргенов бейнелеу өнерінің дамуына да қамқорлық жасаған. Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің, кәсіби тұрғыдан шыңдалып өсуіне тікелей өзі көмектескен. Халық өнерпаздарының слетінде сурет өнерімен әуестенуші Әбілхан Қастеевтің «Колхоз фермасы», «Ленин», «Жаз», және т.б. шығармалары көрме залында көпшілікке көрсетіледі.
1935 жылы нарком Т. Жүргенов республика суретшілерінің шығармаларын көпшілікке айқын көрсету, таныту, бағалату негізде, және сурет өнерінің дамуына игі ықпал ету мақсаттарымен тұңғыш рет Қазақ мемлекеттік көркем галереясын аштырды.
1934 жылы Қазақ киноөнерінің жеке қалыптасып, жете дамуын, мәдени өмірге кеңінен енуін қамтамасыз еткен де Темірбек Жүргенов болды.
1934 жылы Алматыда көркем фильм студиясы ашылады. Кинотану, киножурналистика жанрлары қолға алынды. Т. Жүргенов Ә.Жангельдин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповпен қатар Қазақ киножурналистикасының басында тұрды. Бұлар республика кино өнерінің қалыптасып дамуына тікелей атсалысты. Нәтижесінде қазақ кино өнері нығайып дами түсті.
1934 жылы Т.Жүргенов құрған Алматы киностудиясының негізінде 1941 жылы «Востоккино» киностудиясы ұйымдастырылды.
1934 жылы 13 қаңтарда қойылған «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы — қазақ операсының алғашқы қойылымы. Одан кейін сахналанған «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» операларында да, музыкалық студияның Қазақ мемлекеттік музыкалық театрын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық Опера және балет театры) болып қайта құрылуында да Т.Жүргеновтің қажырлы қайраты мен көсем басшылығын айтуға болады.
1935 жылы Қазақ мемлекеттік филорманиясы құрылды, бұрында ҚазЦИК атындағы (қазіргі Құрманғазы атындағы) халық аспаптар оркестрі негізін қалаған болатын.
1935 жылы мамыр айында Қазақстан Мәдениет қайраткерлерінің тұңғыш съезінде жасаған баяндамасында: «Алдымен қазақ халқының Қазақстан болуының өзі үлкен бір мәдениет… Қазақстан дегеніміз – қазақ елі, сол қазақтың жері, қазақтың ұлты… Халыққа керегі мәдениетті көтеру, индустрияны, ауыл шаруашылығын көркейту» — деп, мәдениет революциясының рухани өмірге өте қажет екенін мәлімдейді. Жүргеновтің осы баяндамасы 1935 жылы «Қазақстандағы мәдениет революциясы» деген атпен жеке кітап болып шығады.
1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін ұйымдастырған және тікелей өзі басқарған Т. Жүргенов 1936 жылдың 17-27 мамырында Москвада өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің тұңғыш онкүндігінде Кеңес үкіметіне, әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерін асқақтата танытып, ұлттық өнер танымын жоғары бағалатып, Қазақстанды биікке көтерді, даңқын әлемге паш етті. Онкүндіктің табыстары қазақ әртістерін де, Жүргеновті де жаңа жұмыстарға жігерлендірді. Осылай Қазақстанның тұңғыш рет мәдени озық дамуын тікелей басқарып, ұйымдастырған дарынды Т. Жүргенов республикада аты аңызға айналған нағыз батырдай, көсем басшыдай болды. Т. Жүргеновті «Темір Нарком», «Қазақ Луначарскийі» деп те ардақтады. Онкүндік кезінде Қазақ халқының өнері мен мәдениетінің өсуіне белсенді атсалысып, оның гүлденуіне шексіз үлес қосқан Т. Жүргеновтің еңбегі жоғары бағаланып, республикамыздың өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Халық Ағарту комиссары Темірбек Жүргенов екі тілде бірдей жазған алғашқы қайраткер-қаламгерлеріміздің бірі және үш елдің министрі болған жалғыз қазақ азаматы. Қайраткердің қазақ тілінің түсініктілігі, мәдениеттілігі, тазалығы туралы ойлары, әсіресе терминологияға қатысты ұсыныс-пікірлері әлі күнге маңызын жойған жоқ.
Т. Жүргеновтің ана тілге деген сүйіспеншілігі мен қамқор көзқарасын белгілі композитор Е. Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабында төмендегідей сүйсіне еске алады: «Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам — қарағандылық Б.Н. Орлов және мен — орыс жұртынан едік. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді ол түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтің қара көздері ұшқындап кетті… Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Ашу найзағайы үрейлене бүгжиген қайраткерлердің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз!» — деп Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! …Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?» — деп өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті». Міне, Темірбек Жүргеновтің бойындағы ұлт намысы үшін жанын беретін батылдық, қайсарлықты және ана тілімізге деген құрметін байқауға болады.
Т. Жүргеновтің мемлекеттік қызметтің үлкен жауапкершілігі мен бар тауқыметін көтере жүріп, сол кездегі қоғамның өзекті мәселелеріне азаматтық үн қосып отыруы оның туған елі мен жерінің бақытты болашағын аңсаған, сол жарқын күндерге жету үшін барын салған ұлы қайраткер екендігін айқындайды.
Темірбек Жүргенов — ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның көсемсөз мұрасы бастауын үш нәрседен: жеке басының бұйдагерлік (лидерлік), саясаткерлік және ұйымдастырушылық үздік қабілетінен алады. Бұған оның «Қазақстандағы мәдениет революциясы», «Қазақстандағы сауатсыздықты жою» кітаптары, «Саяси экономия» оқулығы, «Орта Азиядағы қазақ халқының күйлері», «Қазақ педагогикалық институтын құру», «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары», тағы басқа очерктер мен мақалалары жатады. Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақ халқына, еліне адал қызмет етті, қалың жұртшылық арасында үлкен құрметке, зор беделге ие болды.
Осындай елеулі, үлкен-үлкен істерді атқарған, ұлтқа, елге қызмет ету үшін бар өмірін арнаған Темірбек Жүргенов 1937 жылы 3 тамызда «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, 1938 жылы 25 — ақпанда атылып кете барды.
1957 жылы Кеңес Одағы Жоғарғы сотының шешімімен Темірбек Жүргенов ақталды.
Сүйікті жары Дәмеш Ермекова да «Алжирге» қамалып, 1949 жылы босатылады. Кейін оралған соң жарының ақталуына күш салып, зерттелуіне жол ашады. Күйеуінің де, өзінің де жазықсыз жазаланғандығы жөніндегі ақтау қағазын алғаннан кейін 30 жылдан астам уақыт бойы ол бар күш жігерін игілікті іске — Темірбек Жүргеновтің халқына сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу ісіне арнады. Айнымас адал жарының қажырлы ізденістері нәтижесінде Жүргеновтің екінші, мәңгілік өмірі басталды.
* * *
Ең алғаш 1968 жылы Т.Жүргеновтің 70 жылдығы Алматыда аталып өтті.
1989 жылдың 28 қаңтарында ҚазАҚСР Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 9 қаңтардағы «Жүргенов Темірбек Қараұлының есімін мәңгі есте қалдыру туралы» Қаулысымен Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет және Қазақ мемлекетік көркемсурет институтына (АМТКИ) Қазақстанның Халық ағарту комиссары, ұлттық мәдниетіміздің белгілі қайраткері, публицист, білім беру ісіне, Қазақстанның мәдениеті мен өнеріне дамытуға орасан зор үлес қосқан Темір Қараұлы Жүргеновтің аты берілді. 1991 жылы ҚазАҚСР Халық ағарту министрлігі Алқасының 1991 жылғы 3 маусымдағы шешіміне сәйкес Республикалық мамандандырылған көркемөнер мектеп-интернатының базасында Республикалық көркемөнер колледжі ашылды. 2001 жылдан бастап мектеп-интернат, колледж Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлтық өнер академиясының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
1998 ж. Жүргеновтің 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Туған жері «Жалағаш» кентінде ескерткіш орнатылды.
Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2004 жылғы 28 қаңтардағы Қаулысымен Қазақ мемлекеттік өнер академиясы Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы болып аталды.
2001 жылдың желтоқсан айында Т. Жүргеновке ескерткіш орнатылды (Авторы – мүсінші А. Сергебаев).
Т. Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицей (Қызылорда облысы, Қазақстан)
Жүргенов есімі бүкіл республика бойынша көптеген мектептер мен көшелерге берілді.
Оның отанында, Қызылорда облысында, сондай-ақ Ақтөбе облысында мектептер мен көшелерге Жүргенов есімі берілді.
2022 жылы қыркүйек айында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы деп өзгертілді.
2023 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен Темірбек Жүргеновтың 125 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен 2023 жыл — тұтас түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды.