Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Республика күніне орай студенттер мен оқытушылардың еңбектерінен құралған «Туған жер. Өнерім – өмірім» атты көрме ұсынылды. Бұл көрмеде туған жердің көркем табиғаты мен жас сценографтардың шеберлігі көрініс тапты.
Көрме – сценографияның түрлі қырларын ашып, кафедраның кең ауқымды таланттары мен кәсіби жетістіктерін көрсеткен нағыз өнер мерекесіне айналды. Көрермендер мультимедиялық сценография мен театр, кино және теледидарға арналған грим өнерінің ерекше жобаларын тамашалады. Оқу шебері Жанбершиев С.Ж. және Баймуханова Ж.А. жетекшілігінде жұмыс істеген студенттер: Дана Нұршаева, Нұрбала Нұрдиллаева, Эрика Муценек, Накибаева Балауса, Аблашимов Абзал, және Шұғыла Керімбаева өз туындыларын паш етті.
Сценографияның дәстүрлі және заманауи бағыттарын қамтитын жұмыстар көрмеге қатысқан жас суретшілер мен өнерсүйер қауымды шабыттандырып, көптеген көрермендердің назарын аударды. Көрме авторлардың көркемдік көзқарасының тереңдігі мен жан-жақтылығын айқын көрсетті.