2024 жылғы 22 қарашада Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Қазақ ССР-інің Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлағатты ұстаз Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.
Атаулы шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар, музыканттар мен өнерсүйер қауым қатысты. Қазақ музыкалық өнерін шырқау биікке көтерген ұлы тұлғаның шығармашылығы мен мұрасы арнайы концерттік бағдарламада насихатталды.
Іс-шара барысында «Халық әні» мамандығының студенттері атақты әншінің репертуарындағы шығармаларды орындап, көрермендердің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, кеште Ғарифолла Құрманғалиевтің композиторлық қыры ерекше атап өтілді. Әншінің өзі шығарған туындылары орындалып, тыңдармандарды өнер құдіретімен баурап алды.
Шараның маңызды бөлігін әйгілі әншінің шәкірттері мен туыстарының жылы естеліктері құрады. Олар ұлы өнер иесінің адамгершілік қасиеттері мен ұстаздық еңбегін тебіреніспен еске алып, оның қазақ мәдениетіне қосқан зор үлесін атап өтті.
Кештің концерттік бағдарламасы нағыз өнер мерекесіне айналды. Белгілі әншілер мен күйшілер сахнада өнер көрсетіп, көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады. Ән мен күйден шашу шашылған бұл шара Ғарифолла Құрманғалиевтің мұрасын дәріптеудің ерекше көрінісі болды.