• 25.11.2024

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Алматыда құтқарушылар скверінің салтанатты ашылуы өтті

Авторkaznai

Окт 21, 2021

19 қазан — құтқарушылар күні! Кәсіби мереке мен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Алматыда құтқарушылар скверінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл — Алматы гарнизоны тарихында ТЖД құтқарушылар аллеясының алғашқы сквері. Қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан құтқарушылар құрметіне ашылған аллея Бөгенбай батыр көшесінде, Мұқанов көшесі мен Есентай өзенінің арасында орналасқан.

Аллея аумағында «Құтқарушы» шағын сәулеттік формасы орналасқан. Биіктігі екі жарым метр. Қолына бала ұстаған құтқарушы-жауынгер бейнесінің авторы — Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, «Мүсін» кафедрасының оқытушысы — Мәлік Жүнісбаев.

Мәлік Жүнісбаев – заманауи көркемдік пішінді мүсіндерімен, өзіне тән көркемдік пластикалық ерекше қолтаңбасы қалыптасқан мүсінші. Көбіне қондырғылы мүсін өнерінде жұмыс жасайды. Ағаштан ойып, тастан қашап, мыстан құйылған мүсіндік төлтумалары дәлдікпен бейнеленген. Оның мүсіндері қаланың, табиғат аясының, оқу орындарының, сәулеттік ғимараттардың және оның ішкі көрінісінің кеңістігімен жарасым тапқан көркем туындылар.

«Жобамен төрт ай бойы жұмыс істедік. Алғашқы екі айында байқау өтіп, 5 қатысушы эскиздерімізді Алматы қаласының әкімдігіне өткіздік. Нәтижесінде менің эскиздерім таңдалып, алғашқы макеті пластилиннен жасалды. Кейін мүсінді болат мен аллюминийдің қосындысынан жасап орнаттық», — дейді мүсінші М.Жүнісбаев.

Салтанатты шараға жергілікті басқарма өкілдері, ардагерлер мен төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері қатысты.

«Мереке қарсаңында біз құтқарушыларға арналған алғашқы ескерткіштің ашылу салтанатына жиналдық. Өзгелердің амандығы үшін әр сәт сайын өз өмірін тәуекелге тігетін құтқарушыларға жоғары құрмет көрсеткен, «Құтқарушылар» скверін ашу туралы бастаманы қолдаған Алматы қаласының әкімдігіне алғыс айтамын. Бүгін ашылған ескерткішті барлық құтқарушыларға көрсетілген құрмет белгісі деп білемін. Скверге келген әр алматылық өзгенің амандығы үшін өз өмірін қиюға даяр құтқарушылардың ерен еңбегін есте сақтайды деген сенім мол,-деді Төтенше жағдайлар саласының ардагері В.Петров.

Айта кету керек, мүсіншінің өзге де жұмыстары Алматы қаласының орталығында орналасқан ірі мекемелердің алдында тұр.

Приемная комиссия