Әлеуметтік желілерде «QURMET» ақпараттық науқаны өтіп жатыр. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жастарға арналған әлеуметтік челленджі қолдайды.
Құрмет – қазақтың ежелден келе жатқан жазылмаған заңы. Өзгенің таңдауына, жеке кеңістігіне, пікіріне құрметпен қарау – қоғам қауіпсіздігінің кепілі.
Қоғам қауіпсіздігі – кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының негізгі тірегі. Бұл ұғым азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, тыныш әрі бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар ел ішіндегі теңдікті сақтаумен де тығыз байланысты. Ал оны сақтау – тек заң органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заң тәртіпті реттейді, бірақ адамның ішкі мәдениетін қалыптастырмайды. Бүгінгі «QURMET» науқаны – осы бағыттағы маңызды қадам. Қоғам тек заңмен емес, әдеп пен өнегемен, үлгі мен тәрбиемен өлшенеді. Сондықтан ішкі мәдениет мәселесін күн тәртібінен түсірмей, оны жиі талқылап, бір-бірімізге құрметпен қарауды насихаттау – ең тиімді жол.







