2026 жылдың 24 сәуірінде еліміздегі жетекші шығармашылық жоғары оқу орны – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ашық есік күні өтті. Іс-шараға Алматы қаласындағы О. Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі, П. Чайковский атындағы музыкалық колледж, А. Селезнев атындағы хореография колледжі, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрадалық-цирк колледжі және басқа да өнер бағытындағы оқу орындарының білім алушылары қатысты.
Белгіленген күн тәртібіне сәйкес Академия өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды, студенттер мен оқытушылардың шығармашылық туындыларының көрмесі қойылды. Сонымен қатар талапкерлерге оқу орнының инфрақұрылымын таныстыру мақсатында танымдық «Campus tour» жасалды. Болашақ студенттер әлемдік стандарттарға сай мамандар даярлауға бағытталған білім беру бағдарламалары, қос диплом және академиялық ұтқырлық жобалары жөнінде мазмұнды ақпарат алды.
Ашық есік күні аясында әр факультет өз саласы бойынша арнайы аудиторияларда кездесулер ұйымдастырып, практикалық жұмыстарын таныстырды. Талапкерлер қызығушылық танытқан мамандықтары бойынша профессор-оқытушылар құрамы өткізген шеберлік сағаттарына қатысты.
Осылайша, Академия ұжымы талапкерлерге оқу орнының академиялық және мансаптық мақсаттарына қаншалықты сәйкес келетінін түсінуге қолайлы жағдай жасады.















