Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Киім дизайны және сән кафедрасында «Киім дизайны және сән» білім беру бағдарламасының студенттері дизайнер, «AIGUL KASSYMOVA» брендінің негізін қалаушы Айгүл Қасымовамен кездесті. Кездесу барысында дизайнер кәсіби тәжірибесін ортаға салып, заманауи сән индустриясының дамуы туралы әңгіме өрбітті. Атап айтқанда, шығармашылық пен бизнестің өзара байланысы, дизайнердің кәсіби жауапкершілігі, сән үрдістерін жобалау, жаңа топтамаларды ұсыну және мақсатты аудиториямен жұмыс істеу мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар дизайнер сән индустриясында өзіндік қолтаңба қалыптастыру, брендті дамыту және шығармашылық идеяны нарық талаптарымен ұштастырудың маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша студенттердің өндірістік және диплом алдындағы тәжірибеден өтуі, сондай-ақ олардың болашақта жұмысқа орналасуына қолдау көрсету бойынша келісім жасалды. Іс-шараны Киім дизайны және сән кафедрасының доценті Гүлнар Бекібаева ұйымдастырды.







