«Қазіргі сахналық және экрандық өнердегі ұлттық құндылықтардың трансформациялануы» атты Халықаралық ғылыми-теориялық (онлайн/оффлайн) конференциясы
Күні кеше өнертану ғылымдарының докторы, профессор, Ресей жаратылыстану академиясының «Евразия зерттеу» бөлімшесінің академигі, ҰҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері Бағыбек Құндақбайұлының 95 жылдығына орай «Қазіргі сахналық және экрандық өнердегі ұлттық құндылықтардың трансформациялануы» атты Халықаралық ғылыми-теориялық (онлайн/оффлайн) конференциясы өтті. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы бірлесе өткізіп отырған кешке шетелдік және отандық танымал ғалымдар, қоғам және өнер қайраткерлері қатысты.
Конференция тізгінін өз мойнына алып, модераторлық еткен — өнертану кандидаты, доцент, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиуты «Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі Мұқан Аманкелді Оразбайұлы. Ауқымды іс-шара Б.Құндақбайұлының көзін көрген, әріптес, шәкірт болған замандасатары Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ғылыми істері бойынша проректоры — Қабыл Заманбекұлы Халықов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург — Сұлтанәлі Базарбайұлы Балғабаев, өнертану кандидаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры – Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек, Көкшетау облыстық орыс драма театрының директоры — Бактыгереев Бейбіттің құттықтау сөзімен бастау алды. Қонақтар Б.Құндақбайұлын еске алып, артынан қалдырған мол мұрасы, өнер мен ғылымдағы адал еңбегі, сахна әлеміндегі орны жайлы сөз қозғады. Қызықты естеліктерімен бөлісіп, келешек театртанушыларға ізгі лебіздерін білдірді.
Конференция барысында А.Оразбайұлы Қазақстан театрлары мен мәдениет ошақтарынан арнайы құттықтаулар келгенін хабарлап, таныстырып өтті.
Барлық ғұмырын қазақ театрын зерттеуге арнаған Б.Құндақбайұлының құрметіне арнайы ұйымдастырылған ғылыми конференцияның мақсаты: театртану ғылымы мен сынының өзекті мәселелерін; кинотану ғылымындағы инновациялық үдерістерді; ұлттық музыка өнерін зерттеудің заманауи әдіс-тәсілдерін; қазіргі бейнелеу өнеріндегі ұлттық құндылықтардың маңыздылығын зерттеу болып табылатын. Сол бағдарлама негізгінде Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Нүрпейіс Бақыт Кәкиқызы – «Бағыбек Құндақбайұлының қазақ театр өнерін зерттеудегі ғылыми мұрасы», филология ғылымдарының докторы, белгілі алаштанушы Айгүл Ісмақова, Варшава Мемлекеттік Университетінің профессоры, өнертану докторы Андрей Москвин – «Современный театр Литвы, Латвии, Эстонии: разговор о травмах, конфликтах, насилии», (Ұлыбритания, қ. Лондон) режиссер, актер Овлякули Ходжакули — «Современный художник, как транслятор национальных традиции и культуры», Өзбекстандық өнертану докторы, театртанушы Туляходжаева Мухаббат Турабовна – «Инновации в образовании при подготовке студентов театроведческих курсов», Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры Жумасеитова Гульнара Тазабековна — «Развитие театроведческой школы Казахстана в аспекте изучения национальной хореографии», Құрамғалиева Назерке – «Қазақ театрын дамытудың кәсіби бағыттары», А.Оразбайұлы — «Қазақстандық жаңа драма: даму үдерістері және келешегі» сынды баяндамалар оқылып, өзекті мәселелерді арқау еткен тақырыптар көтерілді. Сахна өнерін және оны зерттеу мәселелерін жан-жақты қамтыған тағлымды еске алу кеші болды.
Конференцияны Б.Құндақбайұлының туысы Туғанбай Жанысбаев қорытындылады. Жақынының ғылым мен өнерге деген кіршіксіз махаббатын, өмір кезеңдерін айта келіп, кеш қонақтарына алғысын білдірді.
Кеш аясында Тутибаева Эльмира Аблекимовна басшылық етіп отырған Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА кітапханасы тұлғаның шығармашылық жолынан арнайы кітап көрмесін ұйымдастырды.