2026 жылдың 10 сәуір күні Ә. Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «BAIKONUR+07 – Сан мен сана өнер кеңістігінде» атты республикалық көрменің ашылуы өтті. 12 сәуір – Ғарышкерлер күні қарсаңында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен бұл іс-шара биыл жетінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде жүзеге асырылып отыр.
Көрме алғаш рет республикалық деңгейде өтіп, еліміздің әр өңірінен келген студенттер мен магистранттардың басын қосты. Жас буынға қолдау көрсету мақсатында көрмеге өнер қайраткерлері, белгілі суретшілер Амандос Ақанаев, Нэлли Бубэ, Жұмақын Қайрамбаев, Ғали Мырзашев, Естай Даубай, Алпысбай Казгулов, Арыстанбек Шалбаев қатысты.
Көрме Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында технологиялық прогрестің өнердегі көрінісін пайымдауға бағытталды. Көрермен назарына кескіндеме, мүсін, дизайн, инсталляция, перформанс, фото және видео өнері, сондай-ақ киім дизайны сияқты заманауи бағыттағы туындылар ұсынылды.
Көрме экспозициясы цифрлық технологиялар дәуіріндегі адам болмысының өзгеруі туралы философиялық және эстетикалық ізденістердің нәтижесін көрсетті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Болат Тұрғынбайдың авторлық жобасы цифрлық өркениетті зерттейтін ауқымды шығармашылық платформаға айналды.














