• 30.11.2022

«ТҰҒЫРЛЫ ЕЛДІҢ ҒҰМЫРЛЫ ЖЫРЫ»

Авторkaznai

Жел 21, 2021

14 желтоқсан күні Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті мен Тәрбие ісі және жастар саясаты бөлімінің бастамасымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «ТҰҒЫРЛЫ ЕЛДІҢ ҒҰМЫРЛЫ ЖЫРЫ» атты поэзия марафоны өтті. Жыр кешін «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының оқытушысы А.Изимованың жетекшілігімен «Кинотеледраматургия» бөлімінің (профессор С.Балғабаев шеберханасы) 2 курс студенттері ұйымдастырды. Поэзия марафонының арнайы қонақтары: ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Ерен еңбегі үшін»  медалінің иегері – Бақыт Беделхан; ақын, Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт», «Ақын қыздар» жас ақындар  фестивалінің лауреаты Жазира Ахметова; ақын, Қазақстан  Жазушылар  Одағы төрағасының кеңесшісі,  аудармашы – Ержан Алаштуған; «Аспан» баспасының директоры Ардақ Тұрысбай болды. Кештің алғы сөзін Академияның Тәрбие ісі және жастар саясаты жөніндегі проректоры Абзал Қуанышұлы бастап берді. Поэзиялық композиция мен студенттер өз туындыларын оқыған кеш жоғары деңгейде өтті. Жиын соңында қонақтар өз шығармашылығынан өлеңдер оқып, рухани әсер қалдырды. Ел арасында танымал тұлғалармен кездесіп, еркін сұхбаттасу тыңдармандар мен қатысушылар үшін үлкен шабыт берді. Дәл осындай кездесулер алдыңғы буын ағалар мен жастардың арасында шығармашылық байланыс орнатып, ақындар мен студенттер ортасындағы алтын көпірдің пайда болуына мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар жыр-күймен тарту жасап кездесудің сәнін келтірген «Музыкалық өнер» факультетінің студенттеріне және қолдау көрсеткен академия кітапханасына алғысын білдіреді.

Приемная комиссия