• 23.12.2024

Биыл қазақтың ақиық ақыны, Тәңіртаудың мұзбалағы, қара өлеңнің қасиетін ұғынған Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл! Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бөлімі ақынның мерейтойы қарсаңында шығармашылық еске алу кешін ұйымдастырды.

Кеш қонақтарының қатарында актер, сатирик, режиссер, сценарист, педагог — А.Наймантаев, ҚР Мәдениет қайраткері, Жазушылар Одағының мүшесі, айтыскер ақын — С.Қалиев, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері, «Серпер» жастар сыйлығының иегері — Ә.Иманғалиев сынды зиялы қауым өкілдері болды.

Мұқағали Мақатев — Отан, махаббат пен өмір туралы жүздеген өлеңдердің авторы. Қазіргі таңда өлеңдері ел ішінде әлі күнге дейін жаттаулы. Кеште қазақ поэзиясының Хантәңірінің өлеңдерін академияның «Сөз сөйлеу жанрының» 3 курс студенттері жатқа оқыды. Қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған ақынның өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен талқыланды.

Кешке арнайы шақырылған М.Мақатаев жырларын насихаттаушы Асқар Әбдіғалымұлы халық сүйген дәстүрлі «Бүгін менің туған күнім» концерттік жобасының авторы. Оның айтуынша, 9 жыл қатарынан қойылған кештің мақсаты — Мұқағали өлеңдерін әнге айналдыру. «Барлық кеште бір ғана тапсырма болды. Ол — жаңа әннің айтылуы»,-дейді А.Наймантаев. Сондай-ақ, ақынның бір өлеңіне бір жылда бес композитор бес түрлі ән жазып, бес әнші өлеңді көтеріп жүрген кез болған екен. Сол себепті де «Мұқағали атындағы сыйлықтың» құрылтайшысы болып, Мұқағали мұрасын дәріптеуге еңбек еткен жазушы, ақын, әнші, композиторларды арнайы марапаттаған.

Қарасаздың ұлының мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Бұл қазақ елі үшін мереке. Белгілі аға буын айтыскер ақын — Айбек Қалиев те сөз алып, Мақатаевтың шығармашылығының қазақ халқы үшін ерекше маңызын атап өтті. Академияның тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры — Абзал Қуанышұлы ақынның сөзіне жазылған «Кезімде қадірімді сезбес мынау» әнін орындады. Әнннің авторы, белгілі композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері — Мейірхан Адамбеков.

Приемная комиссия