• 04.05.2024

«Менің әлемім»

Авторkaznai

Сәу 1, 2024

2024 жылдың Сәуір айының 2-де сағат 11:00-де Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ҚР Суретшілер Одағының және «Таңшолпан» Халықаралық әйел суретшілерінің қорының мүшесі, «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факульеті,  «Көркемсурет» кафедрасының аға оқытушысы Умбетова Құралай Жәңгірқызының «Менің әлемім» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Шығармашылық суретші табиғатының болмысын қалыптастыратын процесс. Шығармашылық арқылы ол көременге өзінің ішкі әлемінің есігін ашып, оның мың бір түрлі түске боялған тамашасын көрсетеді. Көркем туындылары арқылы көрерменге өзінің шексіз ішкі әлеміне саяхаттауға мүмкіндік береді.
Жиырма жылдан аса уақытын осы шығармашылыққа арнаған Құралай Жәңгірқызы бүгінгі жеке көрмесі арқылы өте нәзік, сезімтал әрі шыныдай мөлдір жеке әлемін назарларыңызға ұсынып отыр. Әрбір туындының жарық көрген уақыты суретші өмірінің бір бөлшегі, оның сезімдері мен көңіл-күйінің куәгері, өмірлік тәжірибесі мен  дүниетанымының көрінісі. Суретшінің көрмені «Менің әлемім» деп атаунының басты себебі де осы.
Умбетова Құралай 1981 жылы Алматы қаласында суретшілер отбасында дүниеге келген. Оның сурет әлемімен таныстығы анасының құрсағына біткен кезде-ақ басталып, бесікте жатқан шағынан жалғасын тапқандай. Бейнелеу өнерінің сырлы әлеміне балалық шағынан терең бойлаған ол сурет салуды кәсіп деп қарастырған емес. Себебі сурет салу оның өмірімен біте қайнасып жатты. 
Ол 1991-1999 жылдар аралығында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мектебі мен колледжінде білім ала отырып, кәсіби суретшілікке аяқ басқан болса, 1999-2003 жылдары аталмыш оқу орнын бакалавр біліктілігі бойынша тәмамдап, 2003-2005 жылдары магистратура академиялық дәрежесін алу арқылы шыңдай түседі. 2004 жылдан бері осы оқу орнында шәкірт тәрбиелеп ұстаздық қызметін қатар атқарып келеді.
Құралай Жәңгірқызының шығармашылығы сәнді жарқын түстерге бай, көркемдік шешімі шебер үйлестіріліп, әрқашан ер мен әйел, ана мен бала арасындағы нәзік әрі жылы тақырыптарды қозғауға негізделген. Бүгінгі жаһандану заманында адамзат үшін үлкен проблемаға айналған, әрбірімізде зәрілік тауып жатқан қарым-қатынас, мейірім мен сүйіспеншілік тақырыптарын көп қозғайды. Кенептеріне жіті мән беріп тамашалайтын болсақ кескіндемеші өз шығармашылығы арқылы осы мәселені шешудің ең оңай әрі тиімді жолын ұсынғандай әсер қалдырады. Туындыларындағы ауыл тұрғындарының риясыз болмысы, сәби бейнелерінің сенгіш әрі аңғал жүзі, абыройды қалқан еткен қылықты қыздарының тазалығы мен намысты жігіттердің жігерлі рухы арқылы діліміз бен дінімізде көрініс тапқан қазақи болмысымыз бен ұлттық сипатымызды насихаттап, жарқын болашаққа  деген кемел сенімімізді арттырады. 
Өз шығармашылығында кескіндеме мен түпнұсқа графиканың әртүрлі жанрлары мен бағыттарына еркін қалам тартатын Умбетова Құралайдың көркем туындылары эксперименталды-символикалық мәнерде шешім тауып, суретшінің өнерден өзін іздеуінің көркемдік үлгісіне ұласады. Ешкімге ұқсамайтын дара қолтаңбасы әр кенепте өзінше үйлесіп, суретші тұлғасы қалыптасуындаға дара басқыштарға айналды. Осылайша әрбір туынды суретші өмірінің жекелеген кезеңінің жинақталған бейнесі ретінде көрініс табады.
Умбетова Құралай 2001 жылдан бері шығармашылықпен белсенді түрде айналысып келеді. Ол 20-дан аса республикалық және халықаралық шеңбердегі көрмелердің, шығармашылық байқаулар мен фестивальдердің және арт-симпозиумдардың   қатысушысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Приемная комиссия