• 28.03.2024

Тұсаукесер рәсімі өтті

Авторkaznai

Мам 4, 2023

Көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Сұлтанәлі Балғабаевтың “Ауыл мен Алматы” атты көп томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Салтанатты кешке жазушының қаламынан шыққан тың дүниелердің сахналануында еңбек сіңірген режиссер-әртістер қонақ болды. Атап айтсақ, «Ең әдемі келіншек» атты пьесасының басты кейіпкері атанған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Лидия Каден, театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Әубәкір Рахимов, Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алтынай Нөгербек, Өнертану кандидаты, театр сыншысы – Амангелді Мұқан. Сұлтанәлі Балғаевтың курстас достары  да кештің құрметті қонағы болды. Олар, жазушы, кинодраматург, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лауреаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Смағұл Елубаев, жазушы, Құрмет орденінің иегері Дәулет мырзалар. 

Өнертану факультетінің деканы, өнертану кандидаты, профессор Меруерт Жақсылықова, “Театр өнерінің тарихы мен теориясы”, “Кино тарихы мен теориясы” кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы да кештің куәгері болды. Сонымен қатар, Сұлтанәлі Балғабаев шеберханасынан түлеп ұшқан шәкірттері қатысқан тұсаукесер рәсімі жазушының шығармашылық жолына сапар шеккен әдемі поэтикалық кешке ұласты. Жазушының шығармаларынан арнайы кітап көрмесі жасалып, қонақтар назарын жарқын естеліктермен қуантты. Қазіргі таңда Сұлтанәлі Балғабаев жетекшілік ететін шеберханада білім алып жатқан 3 курс кинотеледраматургия бөлімінің студенттері арнайы поэтикалық қойылым ұйымдастырып, ұстаздарына алғыс білдірді. Кештің соңында жазушының 3 томдық шығармалар жинағы мен “Қызыл сырнай” деп аталатын әңгімелер  мен повестер жинағының тұсауы кесіліп кітапхана қоры мен келген қонақтарға үлестірілді. Енді бұл туындалар өз оқырмандарын күтеді. Жазушының қаламына шабыт тілей отырып, шараға қатысқан барлық  қонақтарға, арнайы кітапхана ұжымына  алғыс білдіреміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Приемная комиссия