• 05.12.2024

Оқу театры

 Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы Оқу театры бітіруші студенттердің дипломдық спектакльдеріне даярлануы үшін және оны көрермен назарына ұсыну мақсатында ашылған. Театрдың іргесі сол кездегі академия ректоры Аман Бекенұлы Құлбаевтың бастауымен 1988 жылы қаланды. Қазіргі академияның бас оқу ғимаратындағы оқу театры бұрын жиналыс залы болған,  оны  оқу театрына бейімдеу үшін болашақ оқу театрының сызба жобасын, керекті техникалық жабдықталуын жобалаған және жобаны жүзеге асырған оқу театрының директоры Ашинов Бауыржан Ахатұлы. Осы жоба бойынша жасалған қазіргі оқу театрында көрермендерге арналған 180 орындық залы бар және сахналық айналмалы шеңбермен, оркестрге арналған шұңқырмен жабдықталған. Сонымен қатар, бутафор цехы, реквизитор, костюмдер бөлімі, тігін цехы, 2 грим бөлмесі, жарық және дыбыс беру цехтары жұмыс жасайды.

         Оқу театрының сахнасында қазақ театр өнерінің майталмандары – Асқар Тоқпанов, Хадиша Бөкеева, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Кәукен Кенжетаев, Әшірбек Сығай, Құдайберген Сұлтанбаев, Қалиолла Мерғазиев, Виктор Пұсырманов және көзі тірі театр педагогикасының негізін салушылар – Рабиға Қаныбаева, Маман Байсеркенов, Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев, Рахилям Машурова, Дариға Тұранқұлова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Рубен Андриасян, Тілектес Мейрамов, Есім Сегізбаев, Талғат Теменов, Нұрқанат Жақыпбай, Болат Атабаев т.б. сынды ұстаздар дәріс оқып, өздері жетекшілік ететін курс студенттерінің дипломдық спектакльдерін көрсеткен. Жыл сайын бітіретін студенттер осы үрдістен жаңылмай, өз спектакльдерін халық назарына ұсынып келеді. Соңғы кездері жылына 12-ге дейін дипломдық спектакльдер көрсетіліп жүр. Оқу театры ашылғалы бері бүгінгі таңға дейін 250-ден аса қойылым жарыққа шығыпты. Оған қоса, өнер қайраткерлерінің мерейтойлары, шығармашылық кездесулер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, есеп беру концерттері, белгілі саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерімен, ақын-жазушылар, драматургтермен кездесулер өтеді. Шетелдік өнер жұлдыздары: Олег Табаков, Армен Джигарханян, Барбара Брыльска,  Карен Шахназаров, Марк Дакаскос, Лэйн Дэвис, т.б. шығармашылық жүздесулер өткізілді.

         Студенттер мен оқытушы-профессорлық құрамның біліктілігін арттыру мақсатында әр түрлі деңгейдегі шеберлік сыныптары өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, Юрий Альшиц, Барзу Абдуразаков, т.б. шеберлік сыныптары студенттердің өз шеберліктерін шыңдауына мол бағыт-бағдар берді.

Бүгінгі қазақ өнерінің белді өнерпаздары осы қара шаңырақта шыңдалған. Мәселен, осы Оқу театры сахнасында дүниеге келген У.Шекспирдің «Макбет» (курс жетекшісі: О.Кенебаев) спектаклі Англияда көрсетілді. Сондай-ақ, М.Әуезовтың «Айман – Шолпан» комедиясы (курс жетекшісі М.Байсеркеұлы) Түркия елінде, ал «Моцарт» және «Қыз Жібек» қойылымдары (курс жетекшісі Н.Жақыпбай) Кореяда көрсетіліп, шет елдерде қазақ театр өнерін насихаттап келді.

Әр жылдары Оқу театры жанында студенттердің «Мен» театры (2001 – 2007 ж. көркемдік жетекшісі Н.Жақыпбай), С.Мақұлбеков жетекшілік еткен қуыршақ театры (2001 – 2012 ж.) жұмыс жасады.

Жыл сайын Асқар Тоқпанов атындағы студенттердің халықаралық театр фестивалі өткізіледі. Фестивальге әр жылдары Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, т.б. елдерден болашақ өнер мамандары қатысып, бақтарын сынады.   

Болашақ сахна қайраткерлерінің ұстаханасы (лабораториясы) болып отырған Оқу театры әлі де өнерге талай-талай шеберлерді тәрбиелейтіні анық.

Приемная комиссия