• 22.11.2024

БАСПАСӨЗ –ХАБАРЛАМА

Авторkaznai

Мар 26, 2024

2024 жылдың 27 наурызында сағат 11:00-де Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Нұрсұлтан Назарбаев қоры сыйлығының лауреаты, ҚР Суретшілер Одағының сондай-ақ Еуразиялық және Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Досжанов Бауыржан Тәттібекұлының «Шың» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.

Бауыржан Досжанов 2022 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қоры грантының шығармашылық жобасын іске асыру мақсатында жеңіп алған болатын.  «Кілем өнерінің жаңаруы мен жаңғыруы» атты  гранттық шығармашылық жобасының негізіндегі көрмеде суретшінің 10-нан астам туындылары ұсынылған. Басты назарға автордың кілем тоқу өнеріне енген тафтинг тәсілінде орындалған көркем туындылары қойылған. 

Бауыржан Досжанов Тәттібекұлы 01.03.1987 жылы Шымкент қаласы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында дүниеге келген. 2001-2004 жж. Түркістан қаласы, кәсіптік-техникалық училищесінде «көркемдеуші-сәндеуші» мамандығында оқыған. 2004-2007 жылдары Ә. Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет колледжінде «көркем қыш» мамандығында білім алып, ойдағыдай тәмамдаған. 2007-2011 жж. Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын «Сәндік қолданбалы өнер» кафедрасының «Көркем тоқыма» мамандандыруы бойынша білімін шыңдап бакалавр біліктілігін иеленген. 2011-2013 жылдары «көркем тоқыма» мамандандыруының Өнер магистрі академиялық дәрежесін алса, 2016-2019 жылдары «Сәндік қолданбалы өнер» кафедрасының «Сәндік өнер» мамандығынында білімін ғылыми дәрежеде тереңдетіп, PhD біліктілігі бойынша тәмамдады.

         Қазіргі таңда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Сәндік өнер» кафедрасының аға оқытушысы. Елімізде өткен көптеген конкурстар мен фестивальдердің жеңімпазы және лауреаты. Халықаралық дәрежедегі және Қазақстан аумағында ұйымдастырылған көптеген көрмелердің қатысушысы.

Бауыржан Досжанов шығармашылық жолын көне сақ түркі мәдениетіндегі мифтік образдарды бейнелеу арқылы бастап, халық тарихындағы батырлар бейнесін заманауи өмір философиясы негізінде қозғаумен ерекшелейді. Суретшінің образ құрудағы ерекшеліктері символдық пішіндерімен нақтыланады. Ұмай ана, өгіз, құс сондай-ақ, жарық пен түнек іспетті түркілік мифопоэтикалық образдармен қатар, философиялық ойлар шеңберінде орындалған туындылар кез келген көрерменін өзіне ынтық еткені анық.

Суретшінің шығармашылығының екінші демі батырлар образын ашумен ерекешеленеді. Ауыз әдебиетіндегі батырлар образын гобелен өнерінде нар денелі бейнелерде сомдап, түс пен пішін арқылы олардың батырлықтарын айрықша сездіре алған. Қарама-қарсы түстермен пішіндерді құра отырып заманауи өмір философиясы, композициядағы түстік және пішіндік қақтығыстарда айрықша орын алады. Гобеленде тоқу арқылы әр сюжетті монументалдылықты, образды нақтылауы, түстің қанықтылығын даралық қасиеттерді көркем жеткізуі суретшінің көптеген ізденісінің нәтижелері деп білеміз. Метафоралық көріністегі гобелендерге кезеңдік сипат емес, танымдық философиялық сипат тән. Туындылардағы әр бейне өзіндік терең тарихи танымдық ойын жеткізуімен туындының құндылығын арттыруға бағытталған.

Бауыржан Досжанов шығармашылық ізденісінің келесі шыңы бұл осы  көрмеде ұсынылған тафтинг тәсіліндегі кілем тоқу өнерінде орындалған туындыларымен ерекшеленуде. Суретшінің  көрмеде ұсынған сериялы туындылары пішіндік бірізділікке бағытталған. Үшбұрыштық проекциялау, әлемнің трансформациялануы бейнелеу өнерінде ежелден келе жатқан символикалық мәнге ие ұғымдардың бірі. Қола дәуірінен бастап, кейін келе сонау сақтардың өнерінен белгілі болған геометриялық ою-өрнектердің мән мағынасының магиялық күші, тау мифологиясының әлем ағашының трансформациясы екендігі, қазақ халқының тұмарды жасаудағы үшбұрышты пайданалуы өзіндік интерпретациясы өте тереңде жатқандығын көрсететін бірден-бір пішін екендігін алға тартамыз. Үшбұрыш ол ғалам, уақыт және кеңістік сонымен бірге сана, қозғалыс және пішін.

Суретші Бауыржан Тәттібекұлының көрмеде ұсынған туындыларындағы ТАУлар көбінесе ғарыштық құрылымның барлық негізгі элементтері мен параметрлерін көрсететін әлемнің бейнесі, ғаламның үлгісі ретінде қабылданады. Туындыларда табиғат көріністері пішіндік символдарға тұжырымдалып, мазмұнды сюжет құра алған. Жайлау, көшпенді халық, киіз үй, жер, су, көк туындылардың басты көріністері бола отырып, біздің түпкі дәстүрлі мифтік санамыздағы ежелгі ұғымдарға жетелейді. Суретші әрбір элементтің төркінін таразылай, олардың мифтік мәніне тереңдей отырып композиция құрады. Әрбір элементте айрықша әлеммен байланыс күші сезіледі. Микро және макро әлем байланыстарын жасауда суретші түс пен пішін және сызықты жолақтарды қолданады. Сызықты жолақтарды көбірек қолдануы арқылы қазақ кілем тоқу өнерінің алғышарттарынада сілтеме жасайды. Тау мифінің негізіндегі жоғары қарай өрлеу, Жаратушыны тану, Жаратылысты тану қашанда ШЫҢдарға жетелейтінін суретші бүгінгі көрмесінде ұсынған шығармашылық жұмыстары арқылы тамашалауға шақырады.

«Өнертану» факультеті,
 «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының
аға оқытушысы Карабалаева Б.Р.

Өтетін орны: Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (Панфилов к-сі, 127)
Өтетін уақыты: 27.03.2024 ж. сағат 11:00

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Приемная комиссия