Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев Әзербайжанға ресми іссапары аясында Ректорлар одағының құрылуына байланысты іс-шараға қатысты. Түркі елдерінің өнер саласындағы жоғары оқу орындары басшыларынан құралған одақ Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрлігінің қолдауымен, Әзербайжан бейнелеу өнері академиясының бастамасымен жүзеге асты.
Баку қаласында өткен бұл маңызды іс-шара барысында түркі мемлекеттеріндегі өнер факультеті студенттерінің халықаралық көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Солтүстік Кипр, Венгрия елдерімен қатар, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері дайындаған туындылар қойылды.
Сонымен қатар іссапар аясында Қазақстан және Әзербайжанның жоғары оқу орындары – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Әзербайжан бейнелеу өнері академиясы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастық меморандумы негізінде бірлескен шығармашылық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ студенттер мен оқытушылардың тәжірибе аясын кеңейту мүмкіндіктері қарастырылған.







