Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ағымсалы Дүзелхановтың 75 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға суретшінің туыстары мен әріптестері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Академияның білім алушылары қатысты.
Конференция барысында суретшінің шығармашылық мұрасы, қазақ графикасындағы тарихи жадының көрінісі және ұлттық дәстүр сабақтастығы талқыланды. Пленарлық отырыста Ағымсалы Дүзелхановтың өмірі мен өнеріне арналған баяндамалар ұсынылды. Сондай-ақ мерейтой аясында суретшінің шығармашылығына арналған көрме ашылды.
Ағымсалы Дүзелханов кескіндеме, графика, кітап безендіру және портрет жанрларында жемісті еңбек етіп, еліміздің бейнелеу өнерінің дамуына айтулы үлес қосты. Оның тарихи тақырыптағы туындылары мен қазақтың көрнекті тұлғаларына арналған портреттері ұлттық өнер мұрасының маңызды бөлігіне айналды. Сонымен қатар суретші Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге дизайнын әзірлеуге атсалысқан өнер қайраткерлерінің бірі ретінде де танылды.







