2026 жылғы 9 қарашада Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың өзекті мәселелеріне, сондай-ақ QazCopyright бірыңғай цифрлық платформасының мүмкіндіктеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бастамасымен «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК (Kazpatent) Алматы филиалы өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды. Академия тарапынан ұйымдастыру жұмыстарын Ғылыми-инновациялық бөлім жүргізді.
Кездесу барысында қатысушыларға авторлық құқық және құқықтарды ұжымдық басқару саласындағы заңнаманың негізгі өзгерістері таныстырылды. Музыкалық туындылардың пайдаланылуын есепке алу тәртібіне, авторлық сыйақыны есептеу және бөлу тетіктеріне, сондай-ақ авторлар мен орындаушылардың құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарымен өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды.
Kazpatent мамандары қатысушыларды QazCopyright платформасының функционалдық мүмкіндіктерімен таныстырып, құқық иеленушілерді тіркеу және жеке кабинетте жұмыс істеу тәртібін көрсетті. Сонымен қатар туындылар мен сабақтас құқықтар объектілері туралы мәліметтерді енгізу рәсімі түсіндірілді.
Кездесуге профессорлық-оқытушылық құрам өкілдері, Академия қызметкерлері, сондай-ақ композиторлар, музыканттар, орындаушылар, режиссерлер, продюсерлер және шығармашылық қауымдастық өкілдері қатысты.
Өткізілген кездесу қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, зияткерлік меншікті қорғау саласындағы білімдерін кеңейтуге және авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғауға арналған заманауи цифрлық құралдарды іс жүзінде меңгеруіне ықпал етті.








