Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Сән және костюм дизайны» мамандығының магистранты Сабина Жусипбаева «Красный проспект» X халықаралық дизайн, өнер және сәулет фестивалі аясында өткен «Fashion-prospect» байқауында «Вдохновение» номинациясы бойынша II орынға ие болды.
Байқауға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қытай және Того Республикасынан жас дизайнерлер қатысты. Фестиваль шеңберінде ұйымдастырылған сән көрсетілімінде қатысушылар костюм дизайнындағы заманауи процестерді таныстырып, авторлық топтамаларын ұсынды. Сабина Жусипбаева байқауға магистрлік диссертациясы бойынша дайындаған «Sands of Memory» («Естелік құмдары») атты авторлық киім топтамасын ұсынды. Оның жұмысы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, жүлделі орынмен марапатталды.
Айта кеткен жөн, байқаудың қазылар алқасының құрамында Академияның Сән және костюм дизайны кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Гульнара Бекибаева да болды.




