Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған республикалық ғылыми-әдістемелік семинарды өткізу туралы
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы өнер саласындағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының докторанттары мен докторантура түлектерін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Өнер саласындағы докторлық зерттеулер нәтижелерін апробациялау: заманауи ғылыми тәсілдер, әдіснама және даму перспективалары» тақырыбындағы республикалық ғылыми-әдістемелік семинарға қатысуға шақырады.
Семинардың мақсаты – өнер бағытындағы жоғары оқу орындарының докторанттары мен докторантура түлектерінің докторлық зерттеулерінің нәтижелерін апробациялауға, диссертациялық жұмыстардың негізгі ережелерін таныстыруға және ғылыми талқылауға, ғылыми зерттеулерді жетілдіру мен диссертациялық дайындық сапасын арттыру бойынша сараптамалық ұсынымдар алуға арналған республикалық ғылыми-сараптамалық алаң құру.
Семинардың негізгі міндеттері:
- докторанттар мен докторантура түлектеріне докторлық диссертация тақырыптары бойынша ауызша баяндама және мультимедиялық презентациялар арқылы өздерінің ғылыми зерттеу нәтижелерін ұсынуға мүмкіндік беру;
- диссертациялық зерттеулердің негізгі тұжырымдары, нәтижелері мен қорытындыларын ғылыми апробациядан өткізу;
- өнер және өнертану салаларындағы жетекші ғалымдардан, ғылым докторларынан, PhD докторларынан және тиісті сала мамандарынан құралған сараптамалық комиссияның қатысуымен ұсынылған ғылыми жұмыстарды сараптамалық талқылауды ұйымдастыру;
- диссертациялық зерттеулердің әдіснамасын, ғылыми жаңалығын, теориялық және практикалық маңыздылығын жетілдіру бойынша кәсіби ұсынымдар алу;
- өнер саласындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту;
- PhD докторларын даярлау сапасын арттыруға және өнер саласындағы отандық ғылымның зерттеу әлеуетін дамытуға ықпал ету.
Семинарды өткізу форматы:
Семинар докторанттар мен докторантура түлектерінің өз ғылыми зерттеулерін таныстыруын көздейді. Баяндамаларда тақырыптың өзектілігі, зерттеудің мақсаты мен міндеттері, әдіснамасы, ғылыми жаңалығы, докторлық диссертацияның негізгі нәтижелері мен қорытындылары баяндалуы тиіс.
Ұсынылған ғылыми зерттеулер сараптамалық комиссияның қарауына ұсынылып, талқыланады. Баяндамалар қорытындысы бойынша қатысушыларға диссертациялық зерттеулерді одан әрі жетілдіруге және оларды қорғауға дайындауға бағытталған сараптамалық ескертулер, ұсынымдар мен ұсыныстар беріледі.
Семинарға қатысуға шақырылады:
- өнер саласындағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының PhD білім беру бағдарламаларының докторанттары;
- PhD бағдарламалары бойынша оқуын аяқтаған докторантура түлектері;
- докторанттардың ғылыми консультанттары;
- өнер саласындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жетекші ғалымдары мен профессор-оқытушылар құрамы.
Өткізу күні: 10.12.2026
Өткізу орны: Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кітапханасы, Алматы қаласы.
Семинарға қатысу үшін ұсынылуы қажет:
Докторлық диссертация тақырыбы бойынша жүргізілген зерттеудің негізгі нәтижелері көрсетілген презентация.
Презентациялық материалдарды ұсыну мерзімі: 05.12.2026
Байланыс ақпараты:
Ғылыми кадрларды даярлау бөлімі
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы
Тел.: +7 727 338 35 61
E-mail: [opvo.7kab@gmail.com]
Докторанттар мен докторантура түлектерін семинарға белсенді қатысуға, өздерінің ғылыми зерттеу нәтижелерін ұсынуға және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу аясында отандық ғылым мен өнердің дамуына үлес қосуға шақырамыз.



