• 25.11.2024

«Тәуелсіздік түлектері»

Авторkaznai

Ноя 28, 2021

Қараша айының 26-сы күні, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген түлектердің ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған «Тәуелсіздік түлектері» атты шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Көрмеге түрлі тақырыпты бейнелеген, ұлттық мазмұнға толы кескіндеме, мүсін, графика, витраж, қолданбалы өнер түрлерінің жүзден астам көркем туындылары қойылды. Әсіресе, қоғамымыздың бүгінгі күнін нанымды бейнелейтін кескіндеме мен графика, мүсін, қолданбалы өнер саласы бойынша сомдалған тарихи шығармалар.

Ашылу салтанатына академияның ұстаздары, студенттері мен түлектері қатысты. Академия түлектері қатарында қазіргі таңда республикамызға, алыс, жақын шетелдерге танымал суретшілер: Сембіғали Смағұлов, Ғазиз Ешкенов, Серік Рысбеков, Естай Даубай, Эдуард Казарян, Дәурен Қастеев, Анар Абжанова, Талғат Тлеужанов болды.

Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректорының у.м.а. Шәріпбек Ағабайұлы мереке қарсаңында ұйымдастырылған көрменің ашылуымен құттықтап, қара шаңырақтың дамуына үлес қосып жүрген түлектерге алғысын жеткізді:
«Бұл көрме — студенттер үшін өнеге. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сіздер дарындарыңыздың арқасында кәсіп жасап отырсыздар. Жас ұрпақ тәрбиелеп, үлкен өнер шығармаларын қалдырып, Отанымызға қызмет етіп жатырсыздар. жатсыздар. Академия сіздерді мақтан тұтады», -деп, жылы лебізін білдірді.

Академия түлектерін тәрбиелеуде үлкен үлес қосқан ұстаздарға құрмет білдірілді.
«Алматы — Тәуелсіздіктің алтын бесігі»,-дейді Елбасы. Алматы болмаса, Желтоқсан оқиғасы болмаса, Тәуелсіздік болмас па еді? Сондықтан, 30 жылдыққа не арнасақ артық емес», -деді профессор Байтұрсын Есжанұлы.

Шара аясында камералық мүсіннен монументалды мүсінге дейінгі жанрларда жұмыс істейтін әйгілі қазақстандық мүсіншілердің бірі — Эдуард Казарян мен «Қазақстанның 100 жаңа есім» ұлттық жобасының жеңімпазы, республикалық, халықаралық фестиваль, конкурстардың жеңімпазы  Анар Абжанованың шеберлік сағаты өтті.  Сондай-ақ, академия ғылыми кеңесінің 25 қарашадағы шешімімен Ескенов Ғазиз Абзалұлына академияның Құрметті профессоры атағы берілді. Көрмеге ат салысқаны үшін және бейнелеу өнерінің өркендеуіне өз үлесін қосқандығы үшін алғыс хатпен марапатталды.

Айта кетейік, Т.Қ.Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық өнер академиясы көп сатылы мамандандырылған оқу орны, түлектері әлемдік және ұлттық мәдениет пен өнер саласында алтын қорды құрайтын шығармашылық интеллигенцияны дайындау орталығы ретінде белгілі.

Приемная комиссия