Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Тұлға тағылымы – ұрпаққа өнеге» атты дөңгелек үстел өтті. Жиын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Бағыбек Құндақбайұлының туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Іс-шараға өнер қайраткерлері, ғалымдар, театртанушылар, оқытушылар мен зерттеушінің шәкірттері қатысты. Дөңгелек үстелде Бағыбек Құндақбайұлының қазақ театртану ғылымы мен театр сынының қалыптасуына қосқан үлесі, еңбектерінің ғылыми маңызы және өнер мамандарын даярлаудағы ұстаздық қызметі сөз болды.
Жиында ғалымның шәкірттері әзірлеген «Ғалым. Сыншы. Ұстаз» монографиясы мен оның шығармашылық мұрасына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның жинағы таныстырылды.
Қатысушылар театртанушының еңбектерін толық жинақ етіп шығаруды, ғылыми мұрасын жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізуді және тақырыптық көрмелер мен конференциялар өткізуді ұсынды. Сондай-ақ академия мен Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты арасындағы ғылыми байланысты нығайту жолдарын талқылады.
Жиын ғалымның мұрасын сақтауға, отандық театртану ғылымын дамытуға және оның ғылыми ізденістерін кейінгі буын арасында насихаттауға бағытталды.






