2026 жылғы 19-30 қаңтар аралығында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының доценті, Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазы 2025-2026 оқу жылына арналған ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне іссапармен барып қайтты.
Іссапар барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өнер, медиа және дизайн факультеті, Орындаушылық өнер кафедрасының «Дәстүрлі музыкалық өнер» білім беру бағдарламасы бойынша білім алушыларға дәрістер оқылып, семинар сабақтары өткізілді. Сонымен қатар қабылдаушы тараптың басшылығымен бірқатар ресми кездесулер ұйымдастырылды. Академия өкілін университеттің вице-ректоры Е. Төлегенов қарсы алып, ректор өкілі, профессор Нәжи Генч мырзаның қабылдауында болды. Кездесуде екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық және шығармашылық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Іссапар шеңберінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті кітапханасының қоры дәстүрлі музыкалық өнер саласына арналған құнды оқу-әдістемелік еңбектермен толықты. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасы ұстаздарының төрт оқу құралы университет кітапханасына тарту етілді. Атап айтқанда, ҚР Халық әртісі, профессор Р. Стамғазы мен ҚР Мәдениет қайраткері доцент М. Әбуғазының «Назқоңыр», ҚР Мәдениет саласының үздігі Ш. Даржанның «Алатау әуендері», ҚР Мәдениет қайраткері, доцент М. Әбуғазы мен ҚР Мәдениет саласының үздігі Т. Әбуғазының «Ағажай-Алтай», сондай-ақ ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Н. Жанпейісовтің «Ән салайын» атты оқу құралдары кітапхана қорына қабылданды.
Аталған іссапар екі жоғары оқу орны арасындағы серіктестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және ұлттық дәстүрлі өнерді дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.









