Биыл дүниеге келгеніне 80 жыл болатын ерекше талант – Амангелді Сембиннің есімін насихаттап, ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өнер қайраткерінің атына арнайы дәрісхана ашылды.
Амангелді Сембин саналы ғұмырын қазақ музыка өнерін өркендетуге арнап, келешек ұрпаққа мол рухани мұра қалдырған тұлға. Кәсіби маман, әнші-педагог өмірінің соңғы жылдарын Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Театр өнері факультеті, Жеке ән салу кафедрасында (бұрынғы Алматы театр-көркемсурет институты) ағартушылық қызметке арнап, талай буын өнер майталмандарын тәрбиеледі. Қазіргі таңда шәкірттерінің барлығы қазақ өнеріне үлес қосып жүрген танымал жандар.
Бүгін салтанатты ашылу рәсімі өткен жаңа дәрісхана ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында өнер ордасының білім алушыларына ұсынылып отыр. Жаңа дәрісхана тек техникалық база ғана емес, сонымен бірге студенттердің шығармашылық әлеуетін ашатын, творчестволық бағытта жол көрсететін орталық болмақ.











