Ағартушы-қайраткер, әнші-композитор Қапез Байғабылұлының 130 жылдығына арналған «Бұлбұл құстай сайраған-бұл Қапездің әні еді» атты республикалық конкурс өтті.
Өнер додасында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының студенттері жоғары орындаушылық шеберлік танытып, жүлделі орындарға ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша Нұртуған Абылайұлы Бас жүлдені иеленді. Таңжарық Әлдібай мен Асхат Ермұратұлы ІІ орынға, Ерасыл Махан ІІІ орынға ие болды. Ал Еламан Бекбатыров пен Алмас Көшкінбаев арнайы жүлдемен марапатталды.
Республикалық деңгейдегі бұл жетістік студенттердің кәсіби дайындығы мен орындаушылық шеберлігін көрсетіп, қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеуге қосқан үлесін айқындай түсті. Жас орындаушылар ұлттық музыкалық мұраны сахна төрінде жоғары деңгейде танытып, шығармашылық ізденістерімен ерекшеленді.









