Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Дизайн кафедрасының меңгерушісі Қамбарбек Көшенов республикалық «Абай ТВ» телеарнасының «Сарасөз» бағдарламасына арнайы шақырылып, сұхбат берді.
Бағдарлама барысында Қамбарбек Әбілқасымұлы қазіргі заманғы дизайн ұғымының тарихына тоқталып, бұл сөздің мәні мен философиясын кеңінен түсіндірді. Ол дизайнның тек сән мен көркемдікке қатысты емес, адамзат өркениетінің дамуымен, тұрмыс пен мәдениеттің қалыптасуымен тығыз байланыста екенін атап өтті.
Сұхбат аясында Қазақстан тарихындағы қолөнер мен қолданбалы өнер туындыларына ерекше назар аударылды. Ғалым ата-бабамыздың тұрмыста қолданған бұйымдары мен әшекейлерінің жасалу шеберлігі қазіргі дизайн ұғымымен тығыз байланысты екенін айтты. Әсіресе, Есік қорғанынан табылған Алтын адамның әшекейлері мен сәндік өрнектерінің әлемді таңқалдырғанын мысалға келтіріп, бұл біздің ата-бабамыздың талғамы мен дүниетанымының жоғары болғанын көрсетті.
Қамбарбек Көшеновтің айтуынша, ұлттық мұрадағы әрбір ою-өрнек пен әшекей – өз дәуірінің дизайны. Олар тек әдемілік үшін емес, сол заманның дүниетанымы мен рухани құндылықтарын жеткізу мақсатында жасалған. Сондықтан қазіргі дизайнерлер үшін ата-баба мұрасынан үйрену, оны заманауи бағыттармен сабақтастыру – кәсіби дамудың маңызды бөлігі. «Абай ТВ» арнасындағы бұл сұхбат тек кәсіби дизайнерлерге ғана емес, жалпы көрермен қауымға дизайнды жаңа қырынан танып, ұлттық мұраға деген құрметті арттыруға септігін тигізді. Академия ұжымы Қамбарбек Көшеновке шығармашылық табыс тілеп, осындай мазмұнды кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдіреді.








