2025 жылдың 19 қараша күні Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кітапхана залында Өнертану факультетінің Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Журналистер одағының мүшесі, профессор Құдайберген Кәзімұлы Болатбаевтың туғанына 65 жыл толуына орай, «Өнерде қалған іздері» естелік жинақтың және «Ұлт қазынасы: құнды басылымдарды қайта жаңғырту» жобасы аясында жарық көрген «Даналар сөзі – өнердің көзі» кітабының тұсаукесеріне арналған «Естелік – өмір айнасы» дөңгелек үстел өтті.
Кітаптың тұсаукесеріне жазушы-драматург, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев, белгілі қоюшы-суретші, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Сапа» дипломы және Европа алтын медалі иегері Орынбасар Жанбыршиев, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Жұмақын Қайрамбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, өнертану кандидаты Аман Құлбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Дариға Тұранқұлова, «Құрмет» орденінің иегері, ұлағатты ұстаз Ғайнижамал Әбілдина, Көркемсурет кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан ПҒА академигі Тоққожа Қожағұлов қатысты. Сонымен қатар іc-шараға профессордың шәкірттері, әріптестері мен замандастары, өнертану саласының мамандары және студенттер қатысты.
Қазақ өнертану ғылымының дамуына зор үлес қосқан Құдайберген Кәзімұлының өмір жолы мен еңбегін, игі істерін, ұстаздық болмысын, бойындағы асыл қасиеттері мен тәжірибесін, ешкімге ұқсамайтын дара жаратылысы, шығармашылық көзқарасын еске алып, жылы лебіздер айтылды.








