Қазақтың ән өнерін әлемдік деңгейде танытып, ұлттық мәдениетіміздің мерейін асқақтатқан әйгілі әнші Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауы өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған өнер додасына еліміздің әр өңірінен жиылған талантты әншілер қатысқан.
Байқау қорытындысы бойынша Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының 1-курс магистранты Аружан Сағындық жоғары орындаушылық шеберлігімен ерекшеленіп, III дәрежелі лауреат атанды.
Академия ұжымы Аружан Сағындықты және ұстазы Шолпан Даржанды осы жетістігімен шын жүректен құттықтайды! Жас өнерпазға шығармашылық шабыт, толағай табыс тілейміз. Ұлттық өнеріміздің өрісі кеңейіп, дәстүрлі әннің үні асқақтай берсін!




