2025 жылғы 20 қазан күні Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Германиядан келген беделді ғалымдар, неміс профессорлары – Конрад Решке мен Алена Гарбердің қатысуымен халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара өнер мен психологияның тоғысындағы өзекті мәселелерге арналды. Лейпциг университетінің профессоры, психотерапевт, клиникалық психолог Конрад Решке «Артистің психологиялық мәселелері: орындаушылық және сахналық қобалжу, психологиялық көмек көрсетудің түрлері мен тәсілдері» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде дәріскер шығармашылық тұлғалардың ішкі күйзелісін еңсеру, сахна алдындағы қобалжуды басқару жөнінде құнды тәжірибесін ортаға салды.
PhD доктор, «Reinhardshöhe» клиникасының жетекші ғылыми қызметкері, Самара мемлекеттік әлеуметтік-педагогикалық университетінің Психология және арнайы білім беру факультетінің профессоры, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының құрметті профессоры Алена Гарбер баяндамасында Торренстің шығармашылық ойлау тесттерін (TTCT) студенттердің креативтілігін дамыту құралы ретінде ұсынды. Сондай-ақ студенттердің шығармашылық әлеуетін анықтаудағы заманауи психологиялық құралдардың маңызын атап көрсетті.
Іс-шара барысында Академия оқытушылары мен студенттері неміс мамандарымен пікір алмасып, шығармашылық және ғылыми ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы осындай халықаралық форматтағы кездесулер арқылы өнер мен ғылымды тоғыстырып, студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына жол ашып келеді.











