• 22.12.2024

Өнер академиясында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етті

Авторkaznai

Июн 1, 2022

31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында боздақтар рухына тағзым етілді.

Шараға жиналғандар қоғам қайраткері, публицист, ағартушы, ұстаз, репрессия құрбаны болған Темірбек Қараұлы Жүргеновтің ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Шарада академия ректоры – Азамат Сатыбалды, Темірбек Жүргеновтің ұрпағы Сәбит Иманғалиев, Темірбек Жүргеновтің қарындасы, Ішкі істер министірлігінің отставкадағы полковнигі Ғалия Битайқызы, Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Аман Құлбаев,  Нұр-Сұлтан қаласындағы № 70 мектеп-лицейінің мұғалімдері, Темірбек Жүргеновтің өмірін зерттеушілер Жұлдыз Сағындықова мен Аружан Қалжан сөз сөйледі.

Қазақ жұрты үшін қасіретті де қасиетті дата еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы жарлығымен бекітілген еді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыстар басталды.

1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң тәуелсіз республикамызда қабылданған алғашқы заңдардың бірі болды.

2020 жылы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылған болатын.

Күллі ел сенім артқан мемлекеттік комиссия әлі де жұмысын жалғастыруда.

Бүгінде аталған комиссияның жұмыс топтарында 316 сарапшы-ғалым жұмыс істейді, олардың ішінде 261 адамға жабық архивтерде жұмыс істеуге рұқсат берілген.

Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды деген дерек бар. Репрессия жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.

Приемная комиссия