30.05.2023 жылы Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына арналған «Түркі мәденеиті: ортақ бастаулары және даму ерекшеліктері» атты мәдениет және өнер қайраткерлерінің конгресі аясында «Жібек жолы қиялдарын орындау» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған қонақтар: Уорвик университетінен PhD, театр зерттеушісі Милия Глухович (Ковентри, Ұлыбритания), Анадолу университеті, Мемлекеттік консерваториясынан PhD Гөкдаг Эбру (Түркия), Жағалаудағы Королина университеті, физикалық театр кафедрасының профессоры Бенджамин Сота (Оңтүстік Королина, АҚШ) және отандық театр мамандары мен театртанушылар, жас зерттеушілер қатысты. Дөңгелек үстел жұмысын Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ғылыми істер жөніндегі проректоры Қабыл Халықов жүргізіп отырды. Негізгі тақырып аясында Жібек жолы бойындағы елдердің ұлттық театрлары мен мәдениеті жайында пікірталас өрбіді. Шетелдік қонақтардың пікірін тыңдаған отандық зерттеушілер қазақ мәдениеті мен ұлттық театрын зерттеу үшін еліміздің тарихы мен ауыз әдебиетін меңгеру жайындағы ойларын айтты. Жалпы, қазіргі таңда қазақ театр өнерінің алға дамып отырғандығына ерекше тоқталған Милия Глухович Орталық Азиядағы театрлардың айрықша болмысы мен табиғаты туралы еуропада зерттеулердің аз екенін баяндады. Профессор Сания Қабдиева Орталық Азияда ХХ ғасырға дейін тұрақты театр болмағанымен сахна өнері элементтерінің ұлттық ойындарда, салт-дәстүрде, халық өнерпаздарының шығармашылығында молынан ұшырасқанын айтты. Мәселен, өзбектердің алаңдық театрын, масхарабоздар мен кызыкшылар өнерін, қазақтың сал-серілік, қулар мен шаншарлар өнерін мысалға келтірді. Дөңгелек үстел конструктивтік, жүйелі түрде өтіп, ғалымдардың өзара ынтымақтастық байланысын күшейтуге, жаңа жобаларды жүзеге асыруға негіз бола білді.