Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің кавалері, профессор,«ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ» тақырыбында шәкірттерінің көрмесі және Дөңгелек үстел өткізілді
19 мамыр 2025 жылы сағат 11.00-де Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Т. Жүргенов ат. ҚазҰӨА-сының негізін қалаушылардың бірі, «Академиялық сурет» және «Мүсін» кафедраларының ашылуына атсалысып, «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің қалыптасып, дамуы жолында көп еңбек сіңірген, 50 жылдан астам ұстаздық қызметінде көптеген шәкірттер тәрбиелеген, монументалды ескерткіштер мен мүсіндік туындылардың авторы болып қазақстандық бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосқан кәсіби суретші-мүсінші Ескен Аманжолұлы Сергебаевтің 85-жылдық мерейтойына арналған «Ұстазға тағзым» тақырыбында шәкірттерінің көрмесі және Дөңгелек үстел өткізілді.




Ескен Сергебаевтің шәкірттерінің ұйымдасқан көрмесінде әр жылдардағы түлектер, белгілі отандық суретшілер: Бауыржан Байділда, Болат Тұрғынбай, Эдуард Казарян, Нұрғалым Исабаев, Талғат Серікбаев, Қазыбек Дулатов, Дәурен Мұхамеджанов, Ақылбек Орманбеков, Сабыр Қонарбаев, Талғат Жұмағұлов, Тимур Ермұхаметов, Айдос Бүркітбаев, Гаухар Қасенбай, Данияр Сарбасов, Тұрсын Қапақов, Бахтияр Қайранбаев және басқалардың шығармашылық туындылары көрермендер назарына ұсынылды.
Көрменің салтанатты ашылуы кезінде мерейтой иесін шын жүректен құттықтаушы тұлғалар көп болды. Соның ішінде: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т. Жүргенов ат. ҚазҰӨА-сының ректоры А. Ә. Жүдебаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз, өнертану кандидаты, Театр өнері факультетінің профессоры А. Б. Құлбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі суретші, «Көркемсурет» кафедрасының профессоры Ж. Қ. Қайрамбаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Суретшілер, Журналистер және Еуразия суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ж. К. Мүсәпір, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Көркемсурет» кафедрасының профессоры, «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің деканы Б.Н. Байділда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Көркемсурет» кафедрасының меңгерушісі, профессоры Б.С. Тұрғынбай және т.б. құттықтау тілектері айтылды. Құттықтау барысында мерейтой иесіне Академияның кәсіподағы атынан естелік сый-сияпат ретінде салтанатты шапаны кигізілді.




Көрмеден кейін, мерейтойлық іс-шара Академия кинозалында Дөңгелек үстелмен жалғасты. Дөңгелек үстелде философия ғылымдарының докторы, профессор, Т. Жүргенов ат. ҚазҰӨА-сының Ғылыми жұмыстар жөніндегі проректорыҚ. З. Халыков, «Жергілікті «Руханият» кәсіподағы Қоғамдық бірлестігінің төрағасы И. Ә. Омаров құттықтау тілектерін айтқан соң баяндамалар оқылды. Е.А. Сергебаевтың монументалды ескерткіштері мен станоктік мүсіндерінің ерекшелігі туралы, шығармашылығының отандық мүсін өнері дамуындағы рөлі мен маңыздылығы жөнінде келесі өнертанушы ғалымдар баяндамаларын ұсынды. Соның ішінде, өнертану кандидаты, ҚР «Құрмет» орденінің иегері, «Бейнелеу өнері тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры О. В. Батурина, Шәкірті, «Серпер» сыйлығының иегері, өнертану магистрі, суретші-мүсінші, дизайнер Д. М. Мұхамеджанов, педагогика ғылымдарының магистрі, Ә. Қастеев ат. ҚР Мемлекеттік өнер музейіндегі «Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің жетекшісі Г. А. Жұбанова баяндамаларын оқыды.
Ұйымдастырушылар: «Көркемсурет» кафедрасының профессоры, «Кескіндеме, мүсін және дизайн факультетінің деканы Б. Н. Байділда, «Көркемсурет» кафедрасының меңгерушісі, профессоры Б. С. Тұрғынбай, өнертану магистрі, «Көркемсурет» кафедрасының аға оқытушы А. А. Орманбеков, PhD докторы, «Көркемсурет» кафедрасының профессоры Е. Б. Қайранов.
Модератор: өнертану ғылымдарының магистрі, «Бейнелеу өнері тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы Л. А. Кенжебаева.


