Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-да «Ұстаз еңбегі — өлмес мұра» атты ардагер ұстаздармен шығармашылық кездесу өтті 2026 жылдың 19 қарашасында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Асқар Тоқпанов атындағы оқу театрында «Жеке ән салу» кафедрасының ұйымдастыруымен «Ұстаз еңбегі — өлмес мұра» атты мерекелік концерт-кездесу өтті.
Іс-шараның басты кейіпкерлері — отандық музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, дарынды вокалистердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған көрнекті тәлімгерлер:
- — Махамбетов Жұматай Әмзеұлы — Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор;
- — Жүнісов Мақсұт Оразұлы — Мәдениет саласының үздігі, профессор.
Осы айтулы күнге орай ардагер ұстаздардың өмір жолы, шығармашылық жетістіктері мен көпжылдық педагогикалық қызметі туралы арнайы қысқаметражды деректі фильм түсіріліп, көрермен назарына ұсынылды.
Кездесу барысында сахна төрінен әріптестерінің жылы лебіздері мен әр жылдардағы шәкірттерінің шынайы алғыс сөздері толастамады. Ұстаздарды шығармашылық нөмірлерімен құттықтауға кеш қонақтары мен «Жеке ән салу» кафедрасының оқытушылары қатысты:
- — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әсет Иманғали;
- — Композитор Аққу Байжігіт;
- — PhD докторы, аға оқытушы Асқар Әкімбек;
- — «Жеке ән салу» кафедрасының оқытушылары Қайрат Игіліков және Елена Сулейменова (фортепиано партиясы — концертмейстер Шырын Жәрдемқызы).
Көпжылдық жемісті еңбегі мен өнерге сіңірген зор үлесі үшін академия атынан ардагер ұстаздарға құрмет грамоталары, алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды.
Концерттің ең әсерлі сәті оның қорытынды бөлімі болды: құрметті ардагерлердің өздері сахнаға шығып, жүрек тебірентерлік әндер шырқап, залда отырған көрермендерді ерекше толқытты. Іс-шара өте жылы әрі рухани атмосферада өтіп, буындар сабақтастығы мен академияның ұстаздық дәстүрлеріне деген адалдықтың жарқын үлгісіне айналды.









