Семинар спикері – PhD докторы Анар Мұхтарова. Ол Ұлыбританиядағы Уорвик университетінде (University of Warwick) докторлық дәрежесін қорғаған, Ноттингем университетінде (University of Nottingham) «Білім берудегі көшбасшылық және менеджмент» (Educational Leadership and Management) бағыты бойынша магистр дәрежесін үздік аяқтаған, ғылыми зерттеу әдіснамасы саласының маманы.
Семинар аясында ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, сандық, сапалық және аралас зерттеу әдістерін қолдану ерекшеліктері, зерттеу дизайнын әзірлеу қағидаттары, сондай-ақ өнертану саласындағы зерттеулерде пәнаралық әдіснаманы қолдану мүмкіндіктері қарастырылды.
Зерттеу әдістерін таңдауды негіздеу, зерттеу сұрақтарын тұжырымдау, ғылыми нәтижелердің шынайылығы мен сенімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ магистрлік және докторлық диссертацияларды дайындау барысында әртүрлі әдіснамалық тәсілдерді ұштастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинар Академияның профессор-оқытушылар құрамы, магистранттары мен докторанттары арасында кәсіби тәжірибе алмасуға, ғылыми-зерттеу қызметінің өзекті мәселелерін талқылауға және әдіснамалық даярлық деңгейін жетілдіруге арналған кәсіби алаңға айналды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар ғылыми зерттеулерді жобалау және жүргізу, заманауи зерттеу құралдарын қолдану, сондай-ақ өнертану саласындағы диссертациялық жұмыстардың сапасын арттыру бағытында қосымша әдіснамалық бағдарлар алды.




