Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинорежиссер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтті. Іс-шара аясында режиссер атындағы аудитория ашылып, оның шығармашылық мұрасын зерттеуге арналған екі монографияның тұсауы кесілді.
Кеш қонақтарына «Кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев фильмдеріндегі кино тілі мен көркемдік бейнелер феномені» және «Кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев» монографиялары таныстырылды. Бұл еңбектер режиссер шығармашылығын ғылыми тұрғыдан зерделеуге, фильмдеріндегі кино тілі мен көркемдік ерекшеліктерін тануға арналған. Іс-шараға Абдолла Қарсақбаевтың жары Күлзада Қарсақбаева мен келіні Майра Қарсақбаева қатысты. Сонымен қатар, мерейтой аясында ұйымдастырылған «Балалық шаққа саяхат» студенттер конкурсының қорытындысы шығып, жүлдегерлер марапатталды. Тағылымды іс-шара режиссердің шығармашылық мұрасын дәріптеуге, қазақ киносының тарихын тереңірек танытуға және жас буынның ұлттық кино өнеріне қызығушылығын арттыруға бағытталды.









