Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Түркі мәдениеті: ортақ бастаулары және даму ерекшеліктері» атты мәдениет және өнер қайраткерлерінің Халықаралық конгресінің екінші күні, 2023 жылдың 31 мамыры – ҚР Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі № 3443 Жарлығына сәйкес Қазақстанда жыл сайын атап өтілетін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні — конгресс іс-шаралары аясында Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ғимаратының алдында Темірбек Жүргенов ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Жиналғандар — конгресс қонақтары, жүргеновтанушылар, академия қызметкерлері, профессорлық-оқытушылық құрамы және білім алушылары — мемлекет және қоғам қайраткері, түркі елдеріндегі мәдениет пен өнер инфраструктурасының негізін қалаушы, Темірбек Қараұлы Жүргеновты бір минут үнсіздікпен еске алды.
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры Азамат Сатыбалды салтанатты шарада сөйлеген сөзінде Темірбек Жүргеновтың қысқа өмірінде үш түркі мемлекеттерінде білім министрі бола отырып, осы жас мемлекеттердің мәдениетін дамытуда ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып, олардың болашағы үшін баға жетпес үлес қосқанын атап өтті. Азамат Сатыбалды жиналғандарды өз еліне және өз халқына осы тұлға сияқты қызмет етуге, ұрпақтарымыз жылы сөзбен еске алатындай әркімді өз мүмкіндігіне сәйкес еліміздің болашағы үшін қызмет етуге шақырды.
Сонымен қатар, іс-шарада Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, осы конгресті ұйымдастыруға көп ат салысқан, жүргеновтанушы Саби Ансат сөз сөйлеп, Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың қызметі жайлы баяндады.