• 23.12.2024

Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті 07-08 сәуір күндері «Топжарған» атты әлеуетті талапкерлерге арналған республикалық шығармашылық онлайн-байқауын өткізді. Конкурсқа еліміздің бірқатар оқу ордаларының білім алушылары қатысты. Конкурстың негізгі мақсаты: жазушылық, сыншылық қабілеті бар дарынды жастарды тарту; кино, театр және бейнелеу өнерінің туындылары туралы насихаттауды, оларды зерттеп-зерделеп, шығармашылық-ғылыми көзқарас білдіруге құштарлық танытып жүрген және пьеса, сценарий, тележобалар жазуды армандайтын талапкерлерге өз бағын сынап көруге мүмкіндік беру еді. Сонымен қатар, І орын алған байқау лауреаттарына Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» Білім беру бағдарламасының «Театртану», «Өнертану», «Кинотану» және «Кинотделедраматургия» бейіндеріне 2022-2023 оқу жылындағы қабылдау емтихандарына жеңілдік жасалып, яғни шығармашылық емтихан тапсырмай, тек кешенді тестілеуден өту мүмкіндігі берілді. «Театртану» және «Кинотеледраматургия» бейіндері бойынша өткізілген конкурстың қатысушылары өздеріне берілген үш тақырыпқа эссе және әңгіме жазып, бақтарын сынады. Конкурсқа түскен жұмыстарды факультеттің беделді профессоры мен оқытушыларынан құралған комиссия мүшелері талдап, бағалады. Конкурс нәтижесінде мынадай қатысушылар орындар иеленді.

«Театртану» бейіні бойынша:  

Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша 4 курс студенті Рамазан Гүлданаға 1 орын және «Театртану» бейініне шығармашылық емтихансыз қабылданып, тек кешенді тестілеуден өту мүмкіндігі берілді. 2 орынды  Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстарада-цирк колледжінің «Көркемсөз оқу шебері» мамандығының 3 курс студенті Жанабай Бейбарыс иеленді.  3 орын Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА-сы колледжінің «Музыкалық театр актері» мамандығының 3 курс студенті Женисова Нұрайға бұйырды. Қалған қатысушыларға алғыс хаттар берілді.

«Кинотеледраматургия» бейіні бойынша:

Конкурстың талаптарына сай үздік деп танылған шығармашылық жұмыс болмағандықтан 1 орын ешкімге берілмеді. 2 орынды Ықсан Алмат пен  Балабек Аружан, ал 3 орынды Бердыбай Альмира, Асан Алтынбек және Рахымжан Амина өзара бөлісті.

«Өнертану» факультеті дарынды жастарды қолдау және олардың шығармашылықтарын дамытуға, өздерін-өздері танытуға арналған осындай байқауларды әлі де жалғастырмақ. «Топжарған-2022 жыл» атты республикалық шығармашылық конкурсының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймыз!

Приемная комиссия