2026 жылғы 15 мамыр күні А. Тоқпанов атындағы оқу театрында қазақ театр және кино өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серәлі Қожамқұловтың туғанына 130 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Ұлттық сахна өнерінің алып тұлғасына тағзым етуге арналған бұл кешті Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры бірлесе ұйымдастырды. Іс-шараның тізгінін белгілі актер Ерлан Біләл ұстады.
Кеш барысында Серәлі Қожамқұловтың шығармашылық жолы мен өнегелі өмірі жан-жақты дәріптелді. Көрермен назарына актердің өмірі мен сомдаған рөлдері, соның ішінде «Қарабай» бейнесі туралы деректі үзінділер ұсынылды. Қазақстанның халық артисі Болат Әбділманов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Боранбай «Еңлік-Кебек» қойылымынан Еспембет бейнесін көрсетті. Сонымен қатар Ерлан Біләл шеберханасының 2-курс студенттері «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінен үзінді қойды. Театр сыншысы Амангелді Мұқан актердің театрдағы шығармашылық ғұмырына тоқталса, кинотанушы Баубек Нөгербек С. Қожамқұловтың қазақ киносының қалыптасуына қосқан өлшеусіз үлесі жөнінде баяндама жасады.
Кешке Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев қатысып, алғы сөзін сөйледі. Сондай-ақ, Жезқазған қаласынан арнайы келген С. Қожамқұлов атындағы театр басшылығы мен елімізге белгілі өнер майталмандары – Тұңғышбай Жаманқұлов, Рахилям Машурова, Әубәкір Рахимов, Саят Мерекенов, Салиха Қожақова және өзге де зиялы қауым өкілдері сахна саңлағы туралы естеліктерін ортаға салды. Кеш соңында Серәлі Қожамқұловтың қызы Салиха Серәліқызы Рымжанова мен немересі Әсел Мусинова сөз алып, әулет атынан ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Бұл тағзым кеші ұлттық өнердің алтын арқауын үзбей, жас буынға ұлыларды ұлықтаудың озық үлгісін көрсетті.










